Барымташылардан зәбір көрген Исатай, Махамбет аудандарының бір топ тұрғындары «АЖ» тілшісімен кездесіп, шешімі табылмай жүрген осы ұрлық мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, қырда мал ұрлығы, әсіресе, жылқының ұрлануы тиылмай отыр. Ұрылар ұсталғанның өзінде айыппұл немесе малдың құнын төлеп, құтылып кетеді. Малшылар бұл туралы шағымдарын облыс әкімі, прокуратура, полицияға жолдаған.
«ОЛАР ЕШ ШІМІРІКПЕСТЕН, КӘНІГІ БАРЫМТАШЫДАЙ ӘРЕКЕТ ЕТЕДІ»
Біз Махамбет ауданына қарасты «Байшақан» қыстағында кездестік. Қыстың суық, өнменіңнен өткен желіне қарамастан өңіріміздің әр жерінен жиналған шаруалар өзекті ойларын ортаға салды. Айтуларынша, бүгінде жүзден астам жылқы мен ірі қара жердің жарығына түсіп кеткендей зым-зия жоқ.
Биғали МУТИЕВ, Исатай ауданына қарасты Х. Ерғалиев ауылындағы ШҚ басшысы:
- Өткен жылдың 26 желтоқсанында өрістен бір байтал жылқымды қансырап жатқан жерінен тауып алдым. Оқ басынан тиген екен. Не болса да түнгі қорқаулар жылқыны атқанымен ұстай алмаған, түз малы үркек келеді емес пе, қашып кеткен. Ал бір айғырымды үйірден таба алмадым. Жалпы былтырдың өзінде бес-алты жылқымнан айрылдым. Бұл ұрлық жылдар бойы жалғасып келеді. Әр ұрының өз «қолтаңбасы» болады, олар әккі қу немесе жершіл, жинақы, көлікті жақсы жүргізеді. Мылтығы, мал союға арналған құралдары, тіпті арнайы киімдері қоса жүреді. Жылқыны атады, сосын сояды, ал еттің қалдықтары мен астына төсеген қағаздарын жинап, алысқа апарып көмеді. Тіпті, кейде өзімізді айдалада атып кете ме деп қорқатын болдық.
Тасқынбай ТӨЛЕУБАЕВ, Алмалы ауылының жеке кәсіпкері:
- Былтыр күзде ауылда жүрген құлынды биемді «Газельге» тиеп алып бара жатқаны туралы естіп, жүгіріп бардым. Сол жерден өзіміз әлгілерді ұстап, Махамбет аудандық ІІБ тапсырдық, арыз жазып бердім. Бірақ содан бері еш нәтиже жоқ. Айналғанда «олар сенің малыңды ұқсас болғасын шатастырып алыпты» дегенді айтты. Жылқының белгісі бар, көзге көрініп тұр. Олар қалай шатастырады? Куәгерлерді шақырмады, енді іс жабылды дейді. Содан кейін бес жылқым жоғалды.
Нұролла НҰРҒАЛИЕВ, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылының тұрғыны:
- Өткен жылдың маусым айында екі айғырымды атып алып кетсе, одан кейін асыл тұқымды екі бұқам із-түссіз жоғалды. Мал ұрлығына байланысты заңды қатайтып, өзгеріс енгізу керек. Себебі кейбір адамдар кешірім беріп, ұрылар құнын төлеп құтылады да, келесі адамдыкін ұрлайды. Мұнымен ұрлық тоқтала ма?
Қайырлы ШАЙХИМОВ, Исатай ауданы Аққыстау ауылының тұрғыны:
- Менің жүздің үстінде жылқым бар. Бірлі-жарым шығындар да жоқ емес. Осы жоғалған малдар қайда кетіп жатыр, етін қайда өткізіп жатыр, білмейміз. Біз көршілес аудандағы шаруа қожалық иелерімен бірлесіп, әлеуметтік жүйе арқылы топ аштық. Даладағы малда тұрақтылық жоқ қой, бір-бірімізбен хабарласу арқылы тауып жатамыз.
ІС СОТҚА ЖЕТПЕЙДІ
Облыстық Полиция департаментінен алынған ақпар бойынша, 2017 жылы 111, 2018 жылы 66 мал ұрлығы тіркелген. 2018 жылдың өзінде 43 қылмыс әшкереленіп, оның 11-і сотқа жолданған. Полиция да ұрлықтың өршіп кетуіне жәбірленуші мен күдіктінің арасындағы келісімнің болуы басты фактор болып тұр деп пікір айтады. Айталық, өткен жылы жәбірленушілердің өздеріне келтірілген шығынның өтелуіне байланысты қылмыскерге кешірім беруі себепті полиция 32 істі қысқартуға мәжбүр болған. Кейбір күдіктілер бір емес, бірнеше қылмыс жасаса да, малдың құнын төлеп құтылып кетіп жатыр.
- Мәселен, өткен жылдың 1 қазанына қараған түнде Махамбет ауданына қарасты жайылымдардың бірінен екі сиырды бауыздап, «Тойота» көлігіне тиеп жатқан жерінен төрт адам ұсталды. Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 188-бабына сәйкес іс көтерілгенімен, екі жақтың өзара ымырыласуы нәтижесінде іс қысқартылды,-дейді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА. – Тағы бір барымташы желтоқсан айында Исатай ауданынан ұсталды, оған қатысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қалай дегенмен де, қырда барымта тоқтамай тұр. Малшылар ұрлыққа байланысты заңнамаларға өзгерту енгізілсе дейді: өзара келісімге келіп, малдың құнын төлесе де, ұрыны жауапкершіліктен құтқармау; бірнеше рет қайталаған жағдайда дүние мүлкін тәркілеу; аңшылық қаруларларға бақылауды күшейту.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор