Атырау, 25 желтоқсан 19:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Қытайлық компания Тайсойған маңынан мұнай іздемекші

7 079 просмотра


Әлеуметтік желіде Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылының маңында қытайлық компания 6 гектар жерді жалға алып, техникалары мен мен құралдарын әкеліп жатқаны туралы бейнежазба тарап жатыр. Автор егер сол жерде қазба жұмыстары жүрсе, жерасты суына зиян тигізетінін, малмен күнелтіп отырған мыңдаған халыққа оңай болмайтынын айтады.     

Осы мәселе туралы «АЖ»-ға Қызылқоға аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан НУРАЛИН мынадай түсінік берді:

- «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының 2018 жылғы 8 қарашадағы хаты бойынша  Қызылқоға ауданының жерінен пайдалы қазбаларды барлау және геологиялық зерттеу жұмыстары үшін Тайсойған ауылы маңынан жер учаскесін бір жылға уақытша пайдалануға рұқсат сұратылды. Аудандық жер комиссиясының отырысында осы мәселе қаралып, оң шешімін тапқан болатын. Қазіргі уақытта «Ембімұнайгаз» АҚ-ның орындаушы мердігері болып қытайлық «БИДЖИПИ» ЖШС-і танылған еді. ЖШС қазбаларды барлау және геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Тайсойған ауылының маңынан 6 гектар жерге техникалары мен құрал-жабдықтарын әкелуде. Пайдалы қазбаларды барлау және геологиялық 3D тәсілімен зерттеу (сейсмикалық) жұмыстары жер бетімен жүргізілетіндігін және жерасты суына ешқандай әсері жоқтығын қаперге беремін. Жер және экологиялық заңдылықтарының сақталуы қатаң сақталады.

Бұл маңда жер асты суын тартатын 8 ұңғыма бар. Ең алысы Тайсойғаннан 12 шақырым жерде. Бұлар бірнеше ауылды ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.

Осыған байланысты, өкінішке орай, белгісіз боп қалуды жөн көрген атыраулық эколог пікірін білдірді:

- Тайсойған су кеніші әлсіз әрі қорғалмаған, құмды линза тәрізді қабат. Сондықтан, жергілікті тұрғындардың алаңдауы негізсіз емес. Мұнайшылар осы жерлерді игеру кезінде экологияны бұзбауға тырысуы керек. Бұрғылау ерітіндісін мұқият таңдап, техникалық бағандарды сулы қабаттан төмен түсіру қажет және тағы сол сияқты. Тайсойғанның құм екенін түсінген жөн. Құм массивтерін қозғау әрекеттері экожүйеге зиянын тигізеді. Бұл соған тұрарлық нәрсе ме? Жүзбелі линза тез ластанатындықтан, таза судан айырыламыз. Егер қол сұқпау мүмкін болмаса, онда әрі қарай тұрақты жұмыс істейтін және бәлкім, ақысы төленетін (бірақ бюджеттен емес) қоғамдық бақылау қажет, әйтпесе бәрі бүлінеді. Бұл тұщы судың өте нәзік кеніші, ол жердегі тереңдік жарты метрден он метрге дейін барады. Құмдағы су қоры өте баяу толады. Соңғы кездері мүлдем жауын-шашын болмады, құдықтардағы су деңгейі түсіп кетті. Сондықтан бізге мұнай керек пе, әлде ауыл шаруашылығы ма, таңдау жасау керек. Бізде Тайсойғаннан басқа жер аз ба? Жалпы, Тайсойғанның құмдарын қорық деп жариялаған жөн. Асанқайғы бабамыз оны «қақпақты қара қазан» деп атаған. Қазан - қазақтар үшін ең киелі нәрсе. Ол мал шаруашылығының маңыздылығын меңзеген. Мұнай сарқылады, ал бұл жерде тіршілік жалғасады емес пе?

Тайсойғандағы «БиДжиПи» қытайлық компаниясының геологиялық барлау базасы 
Ал 26 желтоқсанда Қызылқоға ауданының Тайсойған және Миялы ауылының тұрғындарымен «Ембімұнайгаз» және «БиДжиПи» ЖШСі өкілдері кездесіп, пайдалы қазбаларды барлау және геологиялық зерттеу (сейсмикалық) жұмыстарының жүру бағыттары бойынша халыққа түсіндірді. Оған «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ, геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Қайрат ӘДІЛБЕКОВ, мердігер «БиДжиПи» ЖШС-тің өкілі Чэнь Цзюнь Ган қатысты.

Тайсойған ауылының тұрғыны Зұлқожа МОЛДАШЕВ:

- Барлауға келгендердің уақытша қонысы ауылға жақын, ал Жарыпшыққан өзегіне 5 км жерде орналасқан. Ауыл малы сол өзектен су ішеді. Ауылдағы малдың жартысының жайылысы сол жерде. Егер барлау жұмыстары жүрген кезде техникалардың кесірінен жайылым жеріміз бүлінсе, не істейді, оған өтемақы төлене ме? Жерді сақтап қалудың жолдары бар ма?

Сәлімжан НАҚПАЕВ:

- Біз жұртшылықтың алаңдауын жақсы түсінеміз. Себебі аудан немесе ауыл адамдары малдың арқасында күн көріп отыр. Біз Қытайдан келген мамандарға, әріптесерімізге түсіндірдік, жер мен жерасты суына зиян тимеуі жөнінде қателік жіберілмеуі керек. Тайсойған жерінде советтік кезеңде-ақ мұнай бар екендігі анықталған, одан беріректе Қазақстан геологтары да оны растады. Мұнай қоры қаншалықты, қаншаға жетеді? Осы мәселені анықтау үшін барлау жұмыстары жүрмекші. Ал өндірістік қалдықтарды Мақат немес Миялыға апарып, арнайы орынға төгіледі.

Қызылқоға ауданы әкімі Арман БАЖЕНОВ:

 - Қазба жұмыстары жүргенде жердің бүлінбейтіні, жергілікті тұрғындардың алаңдаушылық білдіретіндей негізі жоқ деді келген өкілдер. Біз де өз тарапымыздан бақылау орнататын боламыз.   

«БиДжиПи» ЖШС барлау жұмысын Тайсойған ауылы маңында үш ай жүргізіп, сосын Сағыз және Мұқыр ауылдары маңында жалғастыратын болады.   

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 желтоқсан 2018, 11:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.