ЖЕКПЕ-ЖЕК
Алматыда Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы Кубогының финалы өтті. Атырау облысының құрамасы алғаш рет дзюдодан жарыс жеңімпазы болды.
28 қазанда біздің команда «С» тобының іріктеу турында ұтып, кейін жартылай финалда 4:2 есебімен Батыс Қазақстан облысының құрамасынан басым түсті. Финалда Қарағанды құрамасы осындай есеппен жеңілді.
ТАЭКВОНДО
РФ Кабардин-Балкар Республикасының астанасы Нальчик қаласында таэквондодан «Эльбрус кубогы» бойынша халықаралық турнир өткізілді.
Бұл жерде атыраулық спортшылар жақсы өнер көрсетті. Серік Арсен алтын алқа жеңіп алды, күміс алқа Әмір Салихановтың еншісіне бұйырып, Айдана Еділбаева, Алина Дадикенова, Нұрғиса Сағадатов пен Анарбек Шаймерденов қола жүлдегерлер атанды.
ҚАЗАҚ КҮРЕСІ
Талдықорғанда ардагерлер арасында қазақ күресінен ҚР алғашқы чемпионаты өтті.
Миялылық лттық күрес шебері Жандос Тілекбаев 70 келіге дейінгі салмақта 40-44 жастағы спортшылар тобына қатысып, 4 жекпе-жекте жеңіске жетіп, чемпион тұғырынан көрінді. Финалда ол самбодан екі дүркін әлем чемпионы, алматылық Самат Алтыбаевтан басым түсті. Қызылқоға ауданының тағы бір өкілі Бекболат Салықов салмағы 100 келіден асатын 35-39 жас аралығындағы топта күміс жүлдені еншіледі.
ҮСТЕЛ ТЕННИСІ
Облыстық мүгедектер спорт клубының командасы Қарағандыдағы үстел теннисі турниріне қатысты.
Ерлан Қазиев жеке және абсолютті есептегі жарыста жеңіске жетті. Команданың тағы бір мүшесі Кенгес Кониев жеке жарыста екінші, ал абсолютті жарыста үшінші болды. Жұптық разрядта Е.Қазиев пен Мәди Имаков екінші орынды иеленді. Нәтижесінде Атырау командасы 10 қатысушы командалар арасында екінші орын алды.
ММА
Талдықорғанда ММА бойынша ҚР Кубогы өтті. 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер санатында Атырау облысының құрамасы екі қола алқа жеңіп алды: 61,2 келіге дейінгі салмақтағы Данияр Әжімқұлов пен 65,8 келіге дейінгі салмақтағы Артем Шидаев ерекшеленді.
Ал Абылай Көргенов 61,2 келіге дейінгі салмақта ересектер арасында күміс жүлдегер атанды.