Атырауда техникалық тексеруден өту әдеттегі режим бойынша жүргізілуде. Бір ғана айырмашылық енді жүргізушілер қолдарына талон орнына техникалық тексеру актісін алады.
Жыл басынан бері Алматы және Астана жүргізушілері техникалық тексеруден өтуге қатысты біраз қиындықтарға тап болған еді. Автокөлік иелері жол полициясы қызметкерлерінің техникалық тексеруден өткізуден бас тартқандарымен қоймай, тексеруден өтпеді деп айыппұл салуды тоқтатпай отырғандығын айтады. Техникалық тексеруден өту мерзімі қаңтар айында бітіп кеткен жүргізушелерге қатысты қызықты жағдай туындауда. Техникалық тексеруден өтпей жүруге болмайды, ал, одан өту мүмкін емес. Әсіресе, маршруттық автобустардың иелері зардап шегуде. Жұмыссыз күн сайын тұрып қалуы оларға шығын әкелуде. Біз көліктерді міндетті техникалық тексеруден өткізу Көлік және коммуникация министрлігіне берілетіндігін хабарлаған едік. Алайда, жергілікті орындарда техникалық тексеруден өткізу орталықтарын ашу үшін уақыт керек. Осыған байланысты 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезең қарастырылуда. Ол уақыт ішінде техникалық тексеруден жол полициясы өткізетін болады. Жүргізушелерге тиісті куәліктерін солар беретін болады. Полицейлер болса, бланктер жоқтығынан техникалық тексеруді өткізуден бас тартуда. Атырауда да қажетті бланкілер жоқ. «Біз өз тарапымыздан көлік инспекциясына бланктер дайындауға тапсырыстар бердік. Олар дәл осы кезеңде біздерді қажетті бланкілермен қамтамасыз етуге міндетті. Әзірге бланкілерді ала қойғанымыз жоқ. Бүгінгі күні автокөлік құралдарының қозғалысын тоқтатпау үшін техникалық тексеру мерзімдері аяқталған көліктерді әдеттегі режим бойынша жол полициясы орналасқан орындарда өткізіп жатырмыз. Бланкінің орнына уақытша техникалық тексеру актісін қолданып отырмыз. Актіге белгі соғылады және күні жазылады, қашанға дейінгі жарамдылығы көрсетілген мерзімі көрсетіледі. Бланктер түскеннен кейін актісі бар жүргізушілердің бізге келіп, актілерін бланкілермен ауыстыру керектігін ескертеміз»,-дейді Атырау облысы ІІД ЖПБ жол-техникалық қадағалау бөлімінің бастығы Махамбет ТӨЛЕМІСОВ. Еліміз бойынша барлықжол полициясы инспекторларына орын алып отырған жағдай туралы ескертілген. Олар егер жүргізушінің актісі болса, одан талонды талап етуге тиісті емес. Жүргізушіге айыппұл егер оның міндетті тексеруден өткендігі жөнінде ешқандай куәлігі жоқ болған жағдайда ғана салынады. Жол полициясы бланкілердің алынғандығы туралы қосымша хабарлайтын болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА