Атырау, 21 желтоқсан 22:00
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

"Анам мен қалыңдығым таяқ жегенімді көргісі келмейді"

Сурет
2 908 просмотра


«Атырау» спорт кешенінде кикбоскингтен Қазақстан мен Грузия құрамаларының жолдастық матчы өтті. Матч аясында 5 жекпе-жек болды. Турнирге мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР кикбоксинг федерациясының еңбегі сіңген президенті Ирак ЕЛЕКЕВ құрметті қонақ ретінде қатысты.

Кеш барысы Жанәлі СӘЛІМГЕРЕЙ мен Эльнур ГУЛИЕВТІҢ арасындағы тартысты жекпе-жекпен қыза түсті. Бастапқыда грузин спортшысы аяқпен, қолмен Сәлімгерейге бірнеше қатты соққылар беріп, басым түскен еді. Бірақ содан кейін біздің спортшы жекпе-жек барысын өзгертіп, лайықты жеңіске жетті.

Екінші сайыста әлем чемпионы, Қазақстанның алты дүркін чемпионы, жеңіске үміткер болған Жандос НАЗАРБЕКОВ үмітімізді ақтап шықты. Тіс қаққан, тәжірибелі Лаша ТШЕПХОДЗЕНІ жеңу оңайға түспеді, бірақ Жандостың үстемдігі айқын білініп тұрды.

Жандос НАЗАРБЕКОВ

- Келесі аптада үйлену тойың болады деп естідім. Жеңісті болашақ жарыңа арнайсың ба? – деп сұрадым Жандостан жекпе-жектен кейін.

- Жо-о-оқ (күлді). Жеңісімді еліме, оның президентіне, сондай-ақ, бапкерлерім мен отбасыма арнаймын. Айтпақшы, қалыңдығым менің жекпе-жегіме келмеді, менің соққы жегенімді көргісі келмейді. Анам да ешқашан келген емес.

Үшінші шайқаста қазақстандық спортшы Сәлімжан СӘЛІМГЕРЕЙГЕ Лука ШОНИЯ қарсылас болды. Ұрыс тең өтіп, кезекпен қарқынды соққылар жасалып жатты, бірақ соңғы раундта Сәлімжан сәл үздік көрінді. Төрешілер жеңісті оған берді, ал Шония бұл шешімге келіспейтіндігін білдірді.

Кейінірек одан не үшін келіспейтіндігін сұрадым.

- Жалпы жекпе-жек әдемі болды, бірақ мен қарсыласымнан сәл басым түстім, анағұрлым белсенді болып, көп шабуыл жасадым  деп есептеймін. Дегенмен төрешілер шешеді ғой, - деді Шония.

- Жақында Грузияда біздің танымал спортшымыз, әлем чемпионы Абзал ДҮСІПОВПЕН рингте кездестің. Әсерің қандай?

- Абзал – тамаша жауынгер, лайықты жеңіске жетті, бірақ мен де кем түспедім. Жалпы, нағыз тартысты жекпе-жек болды, сол үшін де көрермен кикбоксингті жақсы көреді.

Содан кейін рингке Әлихан ОЗДОЕВ пен Мурад БАБАЕВ шықты. Екінші раундта Әлихан жеңіске жетіп, матчтағы жалпы есепті Қазақстан пайдасына 4:0-ге жеткізді. Тек соңғы, бесінші жекпе-жекте Гиоргий КАНКАВА біздің Азамат ӨТЕМІСОВТЕН басым түсіп, есеп ашты.

Бұл кеш баршаға танымал атыраулық Абзал Дүсіпов пен түрік кикбоксері Хазар ЮЛДУЗ арасындағы рейтингтік жекпе-жекпен аяқталды. Абзал оны өзіне тән шеберлігіне еш күмән келтірместен, шабуылдаушы әрі сақ ұрыс тәсілімен өткізіп, төртінші раундтың басында қарсыласын нокаутқа жіберді.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

 

6 желтоқсан 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.