КАРАТЭ
Атыраудағы «Қайсар» спорт клубының, Олимпиадалық резервті дайындау орталығының және Жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірттері ел чемпионатынан (олимпиадалық WKF нұсқасы) алтын және қола алқалармен оралды.
16-17 жас санатында (68 кг дейін) Әбілмансұр Батырғали көш бастап, чемпион атанып, үздік каратеші атағын растады. 16-17 жас санатында (61 кг дейін) Вячеслав Хороших қола жүлде жеңіп алды.
18-21 жас санатында (75 кг дейін) Бейбарыс Жаңбыр ҚР чемпионы атанды, осы жас санатында 55 кг дейінгі салмақта студент Жаннетта Мұхитова қола жүлдегер атанды.
Спортшыларды Айбат Рахман, Сансызбай Торғаев, Ольга Айтжанова, Алексей Любин, Болат Ізбасханов және Әсел Серікова жаттықтырды.
***
ЖҮЗУ
Ақтөбеде 2007-2010 ж.т. балалар арасында жүзуден республикалық турнир өтті.
Атырау қатысушыларының арасында Диар Ғизатов - алтын (100 м брасс), күміс (200 м кешенді жүзу) және қола (100 м еркін стиль және 100 м арқамен жүзу); Әлихан Құтлымұрат - күміс (50 м еркін стиль) және қола (50 м арқамен жүзу және 50 м баттерфляй); Дарья Грузинцева - қола (50 м брасс), Дарья Чеснокова - қола (50 м арқамен жүзу) алқа иегерлері атанды.
Бұдан басқа, Өскеменде 2003-04 жылғы бозбалалар мен бойжеткендер арасында жүзуден республикалық турнир өтті. Бұл жерде атыраулық спортшылар Виолетта Шильман (50 м, арқамен жүзу) және Иван Шапошников (200 м, баттерфляй) қола алқаға қол жеткізді.
Спортшыларды бапкерлер И.Галкин, Н.Жұмағазиев және Д.Ақынбек дайындады.
***
ДЗЮДО
Польшадағы Олесница қаласында 15 елден келген спортшылар қатысқан халықаралық турнир өтті.
Атырау Олимпиадалық резервті дайындау орталығының өкілдері Қазақстанның жастар құрамасында өнер көрсетті. 90 келіге дейінгі салмақта Шынтас Серікболсын алтын алқа, 55 келіге дейінгі салмақта Әбілқайыр Ұлықбек күміс жүлдегер, 66 келіге дейінгі салмақта Амангелді Ермек қола алқа жеңіп алды.