Атырау, 21 желтоқсан 22:18
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

2 815 просмотра

КАРАТЭ


Астанада кекушинкай каратэ-до (KWF нұсқасы) бойынша әлем чемпионатында 29 жастағы атыраулық палуан Бауыржан Күмісқалиев 75 келіге дейінгі салмақта алтын алқа иеленді.

Бауыржан – Атырау облысындағы титулды спортшылардың бірі, Әлем кубогының иегері, Еуропа мен Азияның екі дүркін чемпионы. 2016-2017 жылдары спорт алаңында көрінбей кетіп, спорттық мансабын аяқтағандай көрінген. Олай емес екен.

Өткен жылдың аяғында ол спортқа қайта оралды. Бауыржан ел чемпионатында алтын алқа жеңіп алып, әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болды.

Әлем чемпионатында оның салмақ дәрежесінде 34 спортшы қатысты. Бірінші жекпе-жекте сот шешімімен Польша өкілінен үстем болып, екінші жекпе-жекте армениялық бәсекелесін мерзімінен бұрын жеңді. Содан кейін болгарлық спортшыдан басым түсті. Жартылай финалда оған Қазақстан ұлттық құрамасындағы жолдасы, ақтаулық әлем чемпионы Берекет Нұрбаевпен жекпе-жекке шығуға тура келіп, тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Финалда Бауыржан Ресей құрамасының өкілі Павел Черепановты жеңіп, әлем чемпионы атағын алды.


ЖҮЗУ

Шымкентте 2005 жылғы жасөспірімдер мен қыздар арасында ҚР чемпионатының 3-кезеңі өтті. Атыраулық жүзгіш Дамир Алтайұлы еркін стильде 50 метр қашықтықта 25.76 секунд нәтижемен алтын алқа және еркін стильде 100 метр қашықтықта 59.24 секунд нәтижемен күміс алқа жеңіп алды.

Ал жалпы чемпионаттың үш кезеңінде ол 6 алтын, 4 күміс және 5 қола алқа иеленді. Төрешілер алқасының шешімімен Дамир чемпионаттың үздік қатысушысы ретінде арнайы жүлдемен марапатталды.


БАСКЕТБОЛ

Щучинскде баскетболдан 2006 жылғы жасөспірімдер арасында ел чемпионатының финалдық туры өтті. Оған 8 команда қатысты.

«Атырау» командасы 5 матчта ұтып, алтыншысында 54:59 есебімен қостанайлық құрдастарына есе жіберіп алды. Сол кездегі чемпион «Ақтөбе» командасымен кездесу шешуші сәт болды: ұтылған жағдайда «Атырау» қола алқа иеленіп, ұтқан жағдайда чемпион болатын. Матч тартысты өтті. Таблода «Атырау» пайдасына 61:60 есебі жанған кезде ақтықсын ысқырығы естілді. №16 мектеп оқушысы Едіге Төлеуов матчтың үздік ойыншысы деп танылды. №15 мектеп оқушысы, «Атырау» шабуылшысы Даниил Мирманов чемпионаттың үздік ойыншыларының бестігіне енді. Команданы бапкер Амантай Торғаев дайындады.

ДЗЮДО


Атырау облысының дзюдо құрамасы Қазақстанның Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының былтырғы нәтижелерін жақсартуға күш салуда.

Бұл сайыстар бокстан, дзюдодан, таэквондодан, еркін және грек-рим күрестерінен облыс құрамалары арасындағы матчтық кездесулер түрінде өтуде. Осыған дейін біздің дзюдошылар ғана жетістікке жеткен болатын. Өткен жылы олар турнирдің қола жүлдегерлері атанған еді.

Өткен демалыс күндері «Атырау» ДСК-де Атырау, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарының командалары арасында «С» тобында дзюдодан жартылай финал кездесулері өтті. Татами иелері үш матчты да басымдықпен ұтты. 57 келіге дейін - Ақжол Қайыпхан, 70 келіге дейін - Назгүл Құбашева, 73 келіге дейін - Наурызбек Майлашев, 78 келіден жоғары – Эльмира Самиғоллаева, 90 келіге дейін – Арман Қалиев жеңіске жетті.

Енді желтоқсанда Астанада төрт облыс командаларының қатысуымен кездесу өтеді.


ФУТБОЛ

Бірнеше қалада футбол орталықтары мен академиясының 2002 жылғы шәкірттерінің командалары арасында ел біріншілігінің финалдық тур матчтары өтті.  Атырауда «Атырау», «Қайрат», «Алтай» мен «Астана» командаларының қатысуымен 1-4-орындар үшін кездесулер өтті.

Бірінші матчта «Атырау» «Астаналық» құрдастарын 6:2 есебімен жеңді; екінші матчта «Қайратқа» 2:4 есебімен жол беріп, содан кейін «Алтаймен» 0:0 есебімен тең ойын ойнады. Нәтижесінде «Қайрат» 1-орын (1 жеңіс және 2 тең ойын), «Атырау» 2-орын (1 жеңіс, 1 тең ойын және 1 жеңіліс), «Алтай» 3-орын (3 тең ойын) алды. «Атырау» құрамында «Біріншіліктің үздік бомбардирі» номинациясында (21 гол) арнайы сыйлық Арсен Серікқалиевтің еншісіне бұйырды.


СПАРТАКИАДЫ

Атырау облысында Дене шынықтыруды дамыту орталығының қолдауымен ұстаздар спартакиадасы өтті.

Атырау қаласы мен жеті аудан командалары спорттың бес түрі: баскетбол, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ және гандбол бойынша сайысты. Нәтижесінде Құрманғазы ауданының командасы жеңімпаз атанды, 2-орынды Жылыой ауданының педагогтары, 3-орынды Исатай ауданының ұстаздары иеленді.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

8 қараша 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.