Атырау, 23 желтоқсан 05:42
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Қашағанда қайтадан қазақстандық жұмысшылар бас көтерді

3 693 просмотра

Қашағандағы «ССС» компаниясы жұмысшыларының ереуілі. Тамыз, 2010 жыл.

 

Қашаған кенішінде «Кейп Индастриал Сервисез» «CAPE Industrial Services) - NCOC (North Caspian Operating Company) консорциумының мердігер компаниясы қызметкерлерінің бас көтерген наразылық акциясы үшінші күнге ұласты. 

Аралдағы толқу туралы газет редакциясына телефон арқылы «Кейп» компаниясының қызметкерлері хабарлаған.

- Жексенбі күні 6-шы ақпанда D аралында «Кейп» компаниясының бірнеше жүздеген ағаш монтаждаушы жұмысшылары еңбек шартына наразылық белгісі ретінде жұмысты тоқтатты. Адамдар 12 сағаттық жұмыс күнін азайтуды, еңбек жағдайын жақсартуды және еңбек ақыны көбейтуді талап етуде. Біз вахталық әдіспен жұмыс істейміз – бір ай жұмыс істеп, бір ай демаламыз. Бізге 130-140 мыңнан төлейді, оны екіге бөлгенде, айына 70 мыңнан келеді. Бұл аздық етеді. Біз жалақымызды 1500-1600 долларға көтеруді талап етеміз, - деп хабарлады өз фамилиясын атамаған Нұрлан есімді жұмысшы.

Оның айтуынша, бүгінде бақылаушы мемлекеттік органдардың бірде бірі аралға аяқ баспаған. Ереуілге шыққан жұмысшылар ақпараттық блокаданы бұзуға әрекет етуде.

- Бізді еңбек заңнамасының орындалуына бақылау жасайтын билік пен мемлекеттік органдар тыңдаса екен дейміз. Жұмыс берушімен келіссөздер тұйыққа тірелді, олар еңбек ақыны көтеруден бас тартып отыр. Біздер әлеуметтік қорғау және прокуратура өкілдерінен құралған арнайы комиссиямен келіссөз жүргізгіміз келеді, - деді Нұрлан.

Ал Dаралындағы «Кейп Индастриал Сервисиз»компаниясының кеңсесінде ахуалға комментарий беруден бас тартты.

- Директордың орынбасары ереуілге қатысты сол жаққа жолға шығып кетті. Барлық сұрақтарды сол кісіге қойыңыз, біз комментарий беруге құзырлы емеспіз, - деді «АЖ» тілшісіне компанияның қабылдау бөліміндегілер. НСОС компаниясындағылар болса, кейінірек жауап беруге уәде беріп, жазбаша сауал жолдауымызды өтінді.

Атырау облыстық бас мемлекеттік еңбек инспекторы Салауат ИШАЙбылай деді:

- Иә, біз Қашағанда жұмысшылардың үшінші тәулік бойына ереуіл жасап жатқанынан хабардармыз. Жұмыс беруші бұл туралы бізге мәлімдеді. Алайда бізде компанияны тексеруге негіз жоқ. Ол жерде қазақстандық жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылып жатқандығы туралы арыз түспеді. Бүгінде бізге жұмысшылардың бірде бірі хабарласқан жоқ. Егер шағым боп жатса, міндетті түрде тексереміз.

Естеріңізге салайық, бұл Қашағанда орын алып отырған бірінші оқиға емес. 2010 жылдың тамызында D аралында «ССС» компаниясының жұмысшылары наразылық акциясын ұйымдастырған еді. Олар еңбек ақыларын көтеруді және жергілікті кадрларды алалауды қысқартуды талап еткен болатын. Ол жолғы үш күндік ереуіл жергілікті билік өкілдерімен келіссөзге келген соң, жұмысшыларға олардың талаптарын қарап, проблемаларын шешуге уәде берілгеннен кейін тоқтатылған еді.

Сәния ТОЙКЕН, Азамат МАЙТАНОВ

9 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.