Атырау, 24 қараша 12:02
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Күрмеуі шешілмеген жол-көлік оқиғасы

4 093 просмотра

Бұл жол-көлік оқиғасы өткелі бір жылдай уақыт болды. Былтыр маусымның 19-ы күні сағат түнгі он бірде «Ардагер» сауда-ойын-сауық орталығының алдында Мitsubishi Outlander автокөлігі мен ВАЗ 21099 автокөлігі соқтығысып, оның арты шешілмес дауға ұласты.

Оқиға орнына келіп жеткен жол сақшылары сызбаны жасағанда, көлік апатына Мitsibishi Outlander автокөлігін жүргізуші Біржан ӨТЕГЕНДІ кінәлі деп санап, әкімшілік құқық бұзғандығы жөнінде хаттама толтырды. Алайда, Біржан мен оның атасы, яғни көлік иесі Өтеген Досқалиев көлік инспекторларының о баста қателік жібергендерін айтады.

Аталмыш көлік оқиғасына қатысты сот отырыстары күні кешеге дейін жалғасып келді. Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының былтырғы жылғы 29-қарашасындағы қаулысымен Біржан Өтеген ҚР ӘҚБтК-нің 468-бабының 2-бөлімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жауапкерлердің аппеляциялық және кассациялық шағымдарына қатысты сот өз шешімін өзгеріссіз қалдырды. Ал оның алдындағы сот процестері барысында істің мән-жайы ашыла түсуі үшін судья Ф.Ансариева тәуелсіз сарапшы шақыруға ұйғарым шығарған. Сөйтіп, ҚР Әділет Министрлігі сот сараптамасы орталығы Ақтөбе аймақтық ғылыми-өндірістік сот сараптамасы зертханасының сарапшысы О.Спанов келіп, өзінің сараптамалық қорытындысын жасаған. Онда былай делінген екен:

«Алғашқысында соқтығысуға ұшыраған екі автокөлік бағыттас қозғалып келе жатады. «Ардагер» сауда үйінің тұсына келген кезде «Митсубиси Оутландер» маркалы мемлекеттік белгісі Е 407 HRM автокөлігі жолдың оң жақ қапталындағы қауіпсіздік қалтасына кіру үшін оңға қарай бұрылыс жасаған кезде, «ВАЗ-21099» маркалы мемлекеттік белгісі Е 649 КЕМ автокөлігі қауіпсіздік аралының үстіне оң жақтағы дөңгелектерімен шығып кетіп, жол қалтасына кіріп бара жатқан «Митсубиси Оутландер» маркалы автокөлігінің оң жақтағы қапталынан (бүйірінен) соққы жасайды».

- Сарапшыны шақыртуға Атырау қаласы бюджетінен 36 000 теңге бөлінді. Біздің қалтамыздан да 10 000 теңге ақша төлеттірді. Көлік құралына былтыр 3-қараша күні жүргізген тәуелсіз сараптамасынан-ақ жол-көлік оқиғасында менің немеремнің кінәсі негізсіз екендігі белгілі. Ал судья болса, сарапшыны шақыртып алып, оның сөзін есепке алмады. Ал сараптама қорытындысы көлік оқиғасы сызбасын жасаған көлік инспекторы С.Жақсылықовтың Б.Өтегенге автокөлікке жол бермей соқтығыс жасады деген Е №272152 хаттамасын көрінеу қате және белгілі бір мақсатпен толтырғанын дәлелдейді. Көлік инспекторлары М.Хайруллин мен С.Жақсылықов осы ЖКО-ның схемасын қате сызған. Олар «Митсубиси Оутландер» автокөлігінің оң жақтағы дөңгелектерін бордюрдің үстіне шығарып қойған. Ал фотода бұл дөңгелектердің жерде тұрғаны анық көрсетілген, - деп отыр. Сондай-ақ оның айтуынша, көлік соқтығысына ВАЗ автосының жүргізушісінің қатты жылдамдықпен келе жатуы себеп болған.

 «Митсубиси Оутландер»-ді жүргізген Б.Өтегеннің өзі көлік соқтығысы «Ардагер» орталығының алдындағы көліктер тұратын жерге бұрылған кезде орын алды десе, «ВАЗ-21099»  жүргізуші әрі сол көлік иесі А.ЖАҚАЕВ «Тайманов көшесінен Сәтбаев көшесіне түсіп, тіке бағытта жолдың оң жағымен келе жаттым. «Ардагер» сауда үйі тұсынан қызыл түсті «Митсубиси Оутландер» машинасы жолдың бұрылысынан шығып, екінші жолақпен келіп, менің автокөлігімді қысып, оңға бұрылғанда соғыстық» деген екен өз түсініктемесінде.

Өтеген аға аталған оқиғаға қатысты іс материалдарының бір жақты қаралып отырғанына наразы. Ол өзінікі әділ болғасын қуынып жүргенін айтады. Оның облыстық ішкі істер департаментіне жазған арызына байланысты департамент бастығының орынбасары Нұрым ОРАЗБАЕВ қаңтардың 28-і күні берген жауабында аталған жол-көлік оқиғасына сәйкес, қызметтік тексеріс жұмыстары жүргізілгендігін жазады.  

- Қызметтік тексеріс барысында, облыстық ішкі істер департаментінің жол полиция басқармасына қарасты жеке батальон командирінің орынбасары полиция майоры А.Ысқақов пен жол-көлік оқиғасын сызу инспекторы полиция кіші сержанты С.Жақсылықов өз қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарап, заң бұзушылыққа жол бергендері үшін облыстық ішкі істер департаментінің бастығының 2010 жылғы 30-қарашадағы №755 бұйрығымен тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бірақ, полиция кіші сержанты М.Хайруллиннің іс-әрекеттерінде заң нормаларын бұзу немесе бұрмалау фактісі орын алмағандықтан, оны тәртіптік жауапкершілікке тартуға негіз болмағанын қаперіңізге беремін.

Сонымен қатар, жол полиция басқармасына қарасты жеке батальон командир лауазымында болған бұрынғы қызметкер – полиция подполковнигі Н.Мұқашев облыстық ішкі істер департаменті бастығының 2010 жылғы 5-қарашадағы №130 ж/қ бұйрығымен зейнеткерлікке шығарылғанын ескертемін, - дейді ол.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

3 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.