Бейресми деректерге сүйенсек, биыл Армениядан шамамен 3 мыңға жуық көлік Атырауға жеткізілген. Атырау облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының хабарлауынша, армяндық автокөлік иелерінің бірде-біреуі тіркелуге келмеген. «АЖ» тілшісі осы ахуалдың себептерін тексерген еді.
...ШАРТҚА ҚОСЫЛДЫ
Атырау облыстық МКД Кедендік бақылау басқармасының бастығы Арман ӘБСІМЕТОВТІҢ айтуынша, Қазақстанда көлік құралдарын кедендік тазарту жалпы белгіленген тәртіпте және жеке пайдалануға арналған екі тәсілмен жүзеге асырылады. Яғни, кедендік баж салығы Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) немесе Кеден одағы (КО) елдерінде: Ресей, Қазақстан, Беларуссия, Қырғызстан және Арменияда қолданылатын Бірыңғай кедендік тариф (БКТ) мөлшерлемесі бойынша есептеледі
- Егер біз ДСҰ мөлшерлемесін қолданатын болсақ, онда кедендік тазартудан өткен машина әбден тозығы жеткенше ҚР шекарасынан тыс кете алмайды. Айта кету керек, ДСҰ мөлшерлемесі БКТ мөлшерлемесіне қарағанда аз да, - дейді А. Әбсіметов.
Жеке пайдалануға арналған мөлшерлеме 2017 жылғы 20 желтоқсандағы «Жеке пайдалануға арналған тауарларға байланысты кейбір мәселелер туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімі бойынша реттеледі. Мұнда барлық кедендік төлемдер үшін біржолғы төлем жасау көзделген. Ал жалпы белгіленген тәртіпте, кедендік баж салығынан басқа, кедендік рәсімдеу үшін алым, 3000 текше см-ден асатын қозғалтқыш көлемі үшін акциз және ҚҚС төлеу қажет.
Армения 2014 жылғы 29 мамырда «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения Республикасының қосылуы туралы» келісім жасап, Кедендік одаққа кірді. Келісімде Армения Республикасында әкелінген және кедендік тазартылған автокөліктер құнының 10% мөлшеріндегі 2014 жылғы 10 қазаннан бастап 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыстағы жеңілдік мөлшерлемесі қарастырылған. Жеңілдік мөлшерлемесімен кедендік тазартылған бұл көліктерді қазір Армениядан басқа елдердің азаматтары қол жетімді бағамен сатып алуда.
Әрі қарай мыналар айқындалады. Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеген кезде, «армяндық» жеңілдік баж салығы мен қазақстандық төлемдер арасындағы айырманы төлеу қарастырылған. Бұл туралы аталмыш шарттың 35-тармағында айтылған: «30-тармақта көрсетілген автомобильдер кедендік баждар, салықтар төлеместен Армения Республикасында тұрақты тұратын адамдар ғана басқа Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағына уақытша әкелінуі мүмкін. Кеден одағына басқа мүше мемлекеттердің аумағына мұндай автомобильдерді өзге адамдардың әкелуіне және пайдалануына, сондай-ақ оларды иеліктен айыруға, пайдалануға беруге, билік етуге кеден органдарында кедендік декларацияланғанда және кедендік баждарды, салықтарды төлеген жағдайда ғана рұқсат беріледі». ҚР-да қолданылатын кеден төлемдері мен Арменияда 2014 жылғы 1 қазанға дейін әкелінген және кедендік тазартылған автомобильдерге Армения үшін қолданылатын жеңілдік мөлшерлемесі арасындағы айырманы төлеп қажет емес. Бұл туралы шарттың сол 30-тармағында айтылған:
«Кеден одағында белгіленген кедендік баждардың, салықтардың мөлшерлемелері БКТ белгіленген мөлшерлемелерді Армения Республикасы қолдана бастағанға дейін жеке тұлғалар жеке пайдалану үшін әкелетін жеңіл автомобильдер және өзге де моторлы көлік құралдарына қатысты Армения Республикасында қолданылмайды».
«ТІРКЕМЕЙМІН НЕМЕСЕ ҚОСАЛҚЫ БӨЛШЕККЕ САТЫП ЖІБЕРЕМІН»
Неліктен мұндай шиеленіскен жағдай орын алды? Қазақстан тарапы Армения билігін айыптайды. Өйткені келісімнің 40-тармағында: «Армения Республикасы КО кедендік баждарының мөлшерлемелерімен салыстырғанда кедендік әкелу баждарының анағұрлым төмен мөлшерлемелері қолданылатын тауарларды пайдалануды өз аумағы шеңберінде ғана қамтамасыз етеді және кедендік әкелу баждары сомаларының айырмашылығын қосымша төлемсіз басқа Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағына мұндай тауарларды әкетуге жол бермеу жөнінде шаралар қолданады» делінген.
Менің танысыма Армениядан 2010 жылы шыққан қырқыншы модельді «Тойота Камриді» үш миллион теңгеге айдап әкеліп берді. Ал ол көлікті Қазақстанда кедендік рәсімдеу үшін сондай соманы жұмсауға тура келетінін білген кезде, оны өртеп жібере жаздады. Енді ол тіркеусіз әбден тозығы жеткенше жүретінін немесе қосалқы бөлшекке сатып жіберетінін айтады.
Екінші жағдайда, Қуанышбек есімді жас жігіт 2018 жылдың қаңтарында Ереванға барып, автокөлік базарынан сатушымен 3 миллион теңгеге келісіп, 2006 жылғы Лексус-300 седан көлігін сатып алған. Содан кейін сатушымен бірге сол жердегі мамандандырылған ХҚКО-на барып, Қуанышбекке Армениядан уақытша тіркеу рәсімдеп, құжаттарды оның атына жазып берген.
- Атырауға келген кезде көлікті әкімшілік полицияда рәсімдеу үшін бірнеше миллион төлеу керектігін білдім. Ал менде ондай ақша жоқ. Содан бері армян нөмірімен және сақтандыру полисімен жүрмін. Оның мерзімі аяқталғанан кейін не істейтінімді білмеймін, - дейді Қуанышбек қапаланып.
Ал армяндық көліктердің кейбір қожайындары алыс жерден көлік алған кезде қандай нәрселер күтіп тұрғанын білетіндерін айтады. Олар Армениядан, әдетте, қысқа уақыт ішінде құнындағы айырмашылыққа қалааралық маршруттар бойынша жеке тасымалдаудан түскен табысын қосу үшін жапон минивэндерін сатып алған.
Әкімшілік полиция басқармасы түсіндіргендей, көлікті бастапқыда Кеден одағының Техникалық регламентіне сәйкес тіркеген кезде, мәні 50 АЕК-ке тең базалық мөлшерлемесі бар утилизациялау алымы да қарастырылған. Қозғалтқыштың көлеміне байланысты бұл мәнге 3-тен 23-ке дейінгі коэффициент қолданылады. Сонымен қатар, машинаның шыққан жылы мен қозғалтқыш қуатына байланысты 0,25-ден 500 АЕК-ке дейінгі мөлшерінде бастапқы тіркеу ақы бар.
ІІД ӘПБ бастығының орынбасары Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВҚА қойылған сұрақтар:
- Кеден одағы елдерінен және үшінші елдерден әкелінген автокөлікті қандай мерзімде тіркеу қажет?
- «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңының 63-бабына сәйкес, басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген, халықаралық жол жүрісіне қатысатын және ҚР-да бір жылдан аспайтын мерзімге әкелінетін механикалық көлік құралдарын қоспағанда, ҚР-да жасалған немесе ҚР-ға әкелінген механикалық көлік құралдары міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.
- КО елдерінен көліктер әкелу кезінде заң бұзушыларға қандай шаралар қолданылады?
- ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-тармағына сәйкес, мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару – 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ