Атырау, 23 желтоқсан 05:09
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Киік мүйізін жарнамалауға тыйым салынды

7 619 просмотра

Естеріңізде болса біз осыдан бірнеше апта бұрын газетімізде киік мүйіздеріне қатысты мақала жариялаған болатынбыз («Жайық самалы», №2, 13-қаңтар, 2011 жыл, «Киік мүйіздерінің саудасы неге қадағаланбайды?»). Онда киік мүйіздері саудасы жайлы жарнаманың қала көшелерінде қаптап кеткені жөнінде жазылып еді. Қазір де көшелердегі «киік мүйіздерін сатып аламын» деген хабарландыруларға қандай шара қолданылары әлі белгісіз. Бірақ бір айта кетері - жуырда жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына киік мүйіздерін жарнамалауға тыйым салынғаны.

Қаңтардың 18-і күні Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінен Атырау облыстық ішкі саясат басқармасына тапсырма берілген екен. Осыған байланысты басқарма тарапынан өңірдегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына аталған жарнаманы жариялауға жол бермеу жөнінде ескерту жасалды.

Біз өткен жолғы материалымызда киіктің бір мүйізі - 3000 теңге, екеуі - 6000 теңгеден бағаланып отырғандығын жазған едік. Бірақ бір қызығы содан бері киік мүйізінің бағасы 3000 теңгеден 5000 теңгеге өскенін байқадық. Сөйтіп, киік мүйізін жарнамалағандардың біріне қоңырау шалып, бұл жолы киік мүйізін сатушы ретінде шығып көрдік. Білгеніміз, тұтқаның ар жағындағы жігіт дауысы бір мүйіздің өзі сызылмаған, жырылмаған, сынбаған, бүтін болса, әрі кеткенде 5000 теңгеге, ал екеуін - 10000 теңгеге сатып алатынын айтты. Ал шіріп жатқан киік мүйізін, ең аз дегенде - 2000 теңгеге сатып аламын деді. Онда да жарты мүйіз болғанның өзінде оның сыртқы жағдайына қарап алады екен. «Бастысы, пайдаға асатын болса болды» деп жауап қатты сатып алушы.

- Сонда сіздерге киік мүйіздері не үшін қажет?

- Олардан дәрі жасайды.

- Оларды қайда жөнелтесіздер? Қазақстанда ондай киіктен дәрі жасайтын зауыт болғаны ма?

- Білмейміз, біздердің жұмысымыз – мүйіздерді жинап беру. Алматылықтар біздерге жинап бер деп тапсырыс береді де, бізден жинап алып кетеді. Шамасы басқа жаққа жіберетін сияқты.

- Алматылықтар қаншаға алады сіздерден? Қымбатырақ бағамен сатып ала ма?

- Ол жағын білмеймін.

Киік мүйізін сатып алуға асық тұрған сұхбаттасымыздың қысқа жауабы осындай болды. Дегенмен киелі ақбөкендердің мүйіздері не үшін қажеттігін емеурінсіз-ақ ұғып отырған боларсыздар.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

3 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.