Қызылқоға ауданындағы Сағыз және Тасшағыл ауылдық округтеріндегі емханаларда дәрігерлер жетіспейді, ал жұмыс істейтін орынжайларының күйі кеткен.
БІЗ, САҒЫЗ ДӘРІГЕРІ ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚАЛАР
Атырау қаласынан 300 шақырым, аудан орталығынан 120 шақырым жерде орналасқан Сағыз ауылындағы аурухана оңтайландырылып, амбулаторияға айналдырылғанына бірнеше жыл өткен. Алайда емхана ғимараты әбден ескірген, инвиантарлық заттар жаңартуды күтсе, зертханалық құрал-жабдықтардың да тозығы шығып тұр.
- 15 күндізгі керует болғанымен ғимараттың жайсыздығынан адамдар ем алғысы келмейді. Сағыздың 8 мыңдай халқымен бірге 25 шақырымдағы Шолақсай, Былқылдақты елді мекендері, 45 және 110 шақырымдағы Кенбай, Қоңыраулы ауылдарының тұрғындарына дәрігерлік көмек көрсету біздің міндетімізге кіреді,-дейді амбулаторияның аға дәрігері Исламжан ҚОСЖАН (суретте). – Тұрғындар арасында қан қысымы, жүрек аурулары жиі кездеседі, соңғы кезде қант диабеті сырқаты көбейіп кетіп тұр. Біз айына бір рет болса да ауылдарды аралап тұруымыз керек, егер жедел шақыртулар түссе, тез жетуіміз керек. Алайда бұл мүмкін емес, себебі дәрігерлер жетіспейді. Генеколог пен жалпы дәрігер жүктілікке байланысты демалысқа кетсе, ал бір әріптесіміз зейнеткерлікке кетті. Кадр тұрақтамай тұр, жұмыстың қиындығына төзбей кетіп қалады. Себебі шалғай ауылдарға бару немесе үзіліссіз жұмыс жасаудан қашады. Үкімет барынша жағдайлар жасап жатыр, жаңа баспана берді.
Дәрігердің айтуынша, жаңа амбулатория салуға сметалық құжаттар жасалып жатыр, құрылысн жүргізу қашан жүзеге асатыны белгісіз.
БАЯҒЫ ЖАРТАС – СОЛ ЖАРТАС
Тасшағыл ауылындағы амбулатория туралы бір жыл бұрын жазғанбыз. Содан бері мұндағы жай өзгермеген. Ғимарат бірнеше жылдан күрделі жөндеу көрмеген. Мұнда да кадр мәселесі өзекті – штатта 12 медбике мен 1 фельдшер бар, бірақ дәрігер жоқ. Жалғыз дәрігер Шынар ШАРАПИДЕНОВА көрші Жамбыл ауылдық округінің «Қаракөл» дәрігерлік амбулаториясында жұмыс істейді. Тасшағылға тек аптасына екі рет келеді екен.
- Жамбыл округінде мың жарымдай, Тасшағылда екі мыңдай тұрғын бар. Оған жақын қыстақтар, елді мекендерді қосыңыз. Осылардың барлығына өзім жүремін. Жеңіл науқастарға медбикелер ем көрсетсе, ауырларына өзім баруым керек,- дейді Ш. Шарапиденова. – Амбулаторияда негізгі жұмыс кестесі – 09.00-ден 18.00-ге дейін. Алайда шақыртулар болса, түнде де шығамыз. Оған арнайы төленіп жатқан ақша жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор