Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылында дәрігерлер жетіспейді, ал дәрігерлік амбулатория ғимараты да жөндеуге сұранып тұр.
Ауылда 1994 жылы балабақшаның орнына 10 керуеттік аурухана ашылған болатын. Кейін кереует саны қысқарып, ақыры аурухана жабылып тынады. 2013 жылдан бастап дәрігерлік амбулаторияға айналдырылғаннан кейін мұнда бес кереуеттік күндізгі бөлім ашылды. Сонымен қатар, зертхана мен дәріхана жұмыс істей бастады. Көп жылдан жөндеу көрмеген екі қабатты ғимарат бүгінде әбден тозған. Ғимараттың екінші қабаты көптен бері қаңырап бос тұр. Себебі, жаңбырлы күндері төбесінен су ағады. Емделушілерді тек бірінші қабатта ғана қабылдайды.
- Мәселе тіпті тек ғимаратта ғана емес. Ауылда дәрігер жоқ, - дейді ауыл тұрғындары Әділ СӘРСЕНҒАЛИЕВ пен Құлман ЖАЛҒАСОВ. – Бір дәрігер болған, бірақ ол өткен жылы кетіп қалған болатын. Қазір көрші ауылдан аптасына бір рет келеді. Ал ауылда 2000-ның үстінде тұрғын бар. Бір дәрігер, оның үстіне көрші ауылдан аптасына бір рет келіп қарайтын дәрігер қай-қай жағынан да бәрімізді бірдей қамтып үлгермейді ғой.
Амбулатория мейірбикесі Ермек ҚАЛЫШЕВАНЫҢ (суретте) айтуынша, науқастарды қабылдауды мейірбикелер жүргізуде.
- Иә, науқастарды қабылдауды біз де жүргіземіз. Жедел жәрдем қажет болған жағдайда дәрігердің өзі келеді. Көлік бар.
Қалышеваның айтуынша, ауылда ауылда қан қысымы, анемия ауруы көптеп тіркелген. Анемия әсіресе, жүкті әйелдерде басым.
Биыл екі адам бруцеллез ауруымен тіркелген.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Самат ТАЙШЫБАЙ биыл жазда осы ауылдың қызы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясын бітіріп келмекші екенін айтады.
- Амбулатория аудандық аурухананың балансысында, - дейді С.Тайшыбай. - Аурухана жабылғаннан кейін біз аудандық әкімдік пен облыстық денсаулық сақтау басқармасына бұл ғимаратты балансымыздан алу жөнінде бірнеше рет хат жаздық. Бірақ, әзірге балансымызда тұр. Ал әбден тоз-тозы шыққан ғимаратты ұстау бізге өте қиын. Күрделі жөндеу керек. Ғимаратты қайтадан балабақшға айналдыруға болатын еді. Оның орнына шағын амбулатория салып беруін сұрадық, бірақ, әзірге ол да жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор