Келесі апта бойына аудан мен қала мектептерінің оқушылары Қазақстанның бірінші ханымының 70 жылдығын атап өтпек.
Алайда, туған күнді алдын-ала атап өтіп, құттықтауға болмайтындығына қарамастан, мұны негізгі салтанатты рәсімге бір апта қалғанда бастамақшы. Дүйсенбіден бастап оқушылар Қазақстанның бірінші ханымы дүниеге келген күнге - он екінші ақпанға дейін викториналарға, акцияларға, дебаттар мен фестивальдарға қатыса бастамақ.
Атырау облыстық білім беру басқармасының бас маманы Ақкенже ИСАНБЕРГЕНОВАНЫҢ айтуынша, мерекелік апталықты «Сізге деген махаббатпен» деп атапты. Осы атаумен аталатын маңдайшалар мен қабырға газеттерін оқушылар сынып жетекшілерінің басшылығымен дайындап жатқан көрінеді. Айтпақшы, Атырау облыстық балалар құқығын қорғау департаментінен «жіберілген» хатта мерекелік аптаны қалай өткізу керектігі ұсынылған шаралар мынадай.
Дүйсенбі күні бесіншіден оныншы сыныпқа дейінгі оқушылар Отан мен Анаға деген махаббат тақырыбында шығарма жазатын болады. Сейсенбі мен сәрсенбіде барлығы сурет салып, ән шырқамақ. Мұның тақырыбы да осындай. Бейсенбі күні барлық күш көркемөнерпаздықты дамытуға жұмылдырылмақ. Сонымен қатар, апта басталысымен-ақ, балаларға қайырымдылық акциясына қатысу ұсынылады. Мұнда тамақ пен заттан басқаның бәрін алып келуге болады. Жұма күні жиналған нәрселердің барлығы облыс аумағында орналасқан балалар үйіне берілмек. Сенбі күні, бірінші ханымның туған күнінде оқу күні «өзін-өзі тану» сабағынан басталады. Бұл пән өткен жылы Сара Алпысқызының бастамасымен бағдарламаға енгізілген болатын. Сондай-ақ, мектептерде көрмелер өткізіліп, балаларды Назарбаева жазған кітаптармен таныстырмақ. «Википедия» энциклопедиясындағы ақпарат бойынша, ол барлығы алты кітап жазған екен.
Анастасия ПАСТУХОВА