Жылыойдағы Жаңа Қаратонда газбен улану нәтижесінде адам өлімі орын алған сол бір қайғылы оқиғадан соң екі апта өте облыс әкімдігіндегілер өз қозғалыстарын білдірді. Осы мәселеге орай ақпанның 1 күні «ақ үйде» тұрғын үйлердегі газ қауіпсіздігін қамтамсыз ету жөніндегі селекторлық мәжіліс болды.
Төтенше жағдай департаментінің өндірістік қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Қабылбек ҚЫСТАУБАЕВТЫҢайтуынша мәселенің бәрі күнделікті тұрмыста газ пештерін пайдалану барысында түтін шығатын жолдардың дұрыс тазаланбауына байланысты көрінеді.
- Жылыой ауданында жиі орын алып отырған оқиғалардың негізгі себебі тұрғындардың тұрмыстағы табиғи газ бен газ құралдарын пайдаланудағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауы болып отыр. Апаттардың 80-90 пайызы осы газ пештерінің түтін шығу жолдарының тазаланбауынан, - деп мәлімдеді ол баяндамасында.
Бұдан әрі өз міндеттеріне тек өндірістік нысандарды ғана бақылау жататындығын көлденең тартқан Қ.Қыстаубаев, тұрғын үйлердегі газ қондырғыларына техникалық бақылау жасау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндіктері жоқтығына шағымданды.
- Біз тек үйдің сыртындағы газ құбырлары желісінің дұрыстығына бақылау жасаймыз. Ал үй ішіндегі ақауларға қатысты шара қолдана алмаймыз. Бұған әкімшілік шешімі керек,-дейді.
Мәжіліске төрағалық еткен облыс әкімі орынбасары Асқар ӘБДІРОВ мәселені шешудің жолын ұсынды. Оның айтуынша енді газбен қамтамасыз ететін мекемелер жергілікті жерлердегі ауылдық, округтік әкімдіктермен және ТЖ мен ІІД өкілдерімен бірлесе отырып газ тұтынатын әр үйді тексеруден өткізуілері қажет.
- Газ тұтынушылардың тұрмыстағы ақауларын жоюға 5-10 күн мұрсат беру керек. Егер оны орындамаса ЖХК-лар өкілетті орган ретінде комииссия шешімін сот орындарына жөнелте алады. Біз күні кешеге дейін ешқандай әкімшілік шара қолданбаған едік, соңғы оқиғалардан соң мәжбүрміз,-деп қортындылады әкім орынбасары.
Еске сала кетсек, тек өткен қаңтар айында ғана газбен улануға қатысты апатты 3 оқиға орын алған. Оның екеуі Жылыой ауданына қарасты Жаңа Қаратон, Жаңақорған ауылдарында, ал біреуі қала маңындағы Томарлы поселкесінде болған. Нәтижесінде 19 адам уланып, 2 адам көз жұмған.
Сәния ТОЙКЕН