ТАЭКВОНДО
Оңтүстік Африкадағы Дурбан қаласында GTF нұсқасы бойынша таеквондодан әлем чемпионаты өтті. ҚР құрамасы командалық екінші орынды иеленіп, Ресейге жол беріп, турнир иелерін басып озды. Бұл жетістікке атыраулық спортшылар үлкен үлес қосты.
10-11 жас аралығындағы балалар арасында Айбек Демегенов хёнги санатында (формальды кешен) «күміс», мацоги (жекпе-жектер) санатында «күміс» жеңіп алды. 15-17 жас аралығындағы жастар арасында Денис Ким екі санат бойынша чемпион атанды.
Ересектер арасында командалық жарыста осы спортшылардың жаттықтырушысы Берік Әлжанов өнер көрсетті. Тәлімгер екі санатта да қола алқаға ие болды.
МУЙ-ТАЙ
Тайландта студенттер арасында әлем чемпионаты өтті. Атыраулық спортшылар алтын мен қола алқалар ұтып алды.
54 келіге дейінгі салмақтағы Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы, доссорлық Еламан Саясатов жеңіс тұғырынан көрінді. Финалдық шайқаста ол Ресей құрамасының өкілін 29:28 есебімен жеңді. 63,5 кг дейінгі салмақта Еламанның клубтасы («Алаш» СК) Әбіл Ғалиев алдын ала раундта Польша өкілін жеңді, бірақ жартылай финалда беларусь өкіліне есе жіберіп, нәтижесінде қола алқа алды. Спортшыларды Мейірам Ғалиев жаттықтырады.
***
ММА
Қытайлық Харбин қаласында ММА бойынша Азия чемпионаты өтті. Жас Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 1 қола алқа алып, бірінші командалық орынды иеленді.
Атыраулық спортшылар бұл қоржынға 3 алқа салды. 56 келіге дейінгі салмақтағы Талғат Жұмағалиев ауыр финал жекпе-жегінде ринг иелеріне жол беріп, күмісті місе тұтты. 61 келіге дейінгі салмақта Ақбөбек Ерғалиева финалға жолдама алып, қытайлық спортшыдан ұтылып қалды. Ол да күміс алқа иеленді. 84 келіге дейінгі салмақта Думан Балмұханов қола алқа жеңіп алды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ