Атырау, 25 сәуір 03:55
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Спорт жаңалықтары

2 831 просмотра

ГИМНАСТИКА


Францияның Шамбери қаласында көркем гимнастиадан жасөспірімдер арасында «Dukes of Savoy» халықаралық турнирі өтті. Жарыста жерлестеріміз 7 медаль иеленді.

Камалова мен Айнель Жалғасоваға «алтын» бұйырса, Аяулым Сүйесінова, Эльнара Нуршаева, Іңкәр Джулмағанбетовалар «күміс» медаль иеленді. Айзере Тәттіғали мен Айару Егеубаева «қола» алды.


ШАХМАТ


Шри-Ланкада Дүниежүзілік шахмат федерациясының (FIDE) қолдауымен оқушылар арасындағы шахмат бойынша Азия чемпионаты өтті. Сайысқа әлемнің 16 елінен 400-ден астам жас дарындар қатысты. Қазақстаннан отыз шахматшы ел намысын қорғады, оның ішінде үшеуі - Атыраудан.

9 жасқа дейінгі санатта 8 жасар Ержан Жетпіс алқа алмаса да, континенттің үздік шахматшыларының ондығына ілікті.

17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 10 жасар Аят Абдуллаев әлем чемпионы Әсел Серікбаймен жұптасып өнер көрсетті – жинаған ұпайлары оларға командалық есепте 3-орын алуға мүмкіндік берді.

9 жасқа дейінгі қыздар санатында 8 жасар №1 БЖСМ шәкірті Зарина Нұрғалиева жылдам шахмат сайысы бойынша «блицте» 1-орын (ойын ұзақтығы - 5 минут) және «рапидада» 2-орын (ойын ұзақтығы 25 минут) иеленді.

Балаларды шахмат бойынша халықаралық спорт шебері Жәнібек Аманов дайындады.


ТАЭКВОНДО


16-22 шілде күндері Оңтүстік Кореяның Джеджу қаласында таеквондодан «JEJU KOREA OPEN International Taekwondo Championships 2018» халықаралық турнирі өтті.

Қазақстан ұлттық құрамасы сапында атыраулық Нұрай Хусайнова (63 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды. Нұрай алғашқы кездесуде американдық қарсыласын тізе бүктіріп, Екінші айналымда мексикалық қарсыласынан жеңіліс тапты.

***

БОКС


Қостанай қаласында өткен бокстан жастар арасындағы 18-ші халықаралық турнирде  атыраулық спортшылар 1 күміс және 3 қола жүлде еншіледі. 

Абылайхан Бітімов (69 келіге дейін) күміс жүлдегер атанса, осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұркен Нұрымов, Дарын Серкебай (81 келіге дейін), Роберд Эдуардұлы (91 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.

***

КҮРЕС


21-22 шілде күндері Үндістанның Нью-Дели қаласында еркін күрестен жастар арасындағы Азия чемпионаты өтті.

Қазақстан жастар құрамасы екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Оның ішінде атыраулық балуан Сырбаз Талғат күміс жүлдеге қол жеткізді. 61 келі салмақта сынға түскен спортшымыз Үндістан және Жапон елінің балуандарын ұтты. Ақтық сында өзбекстандық Аббос Рахмоновқа есе жіберді.

***

ВОЛЕЙБОЛ

Отырып волейбол ойнаудан ұлттық паралимпиада құрамасы Нидерландыда өткен Әлем чемпионатында ойындарын аяқтады.

Топта 3-орын алған біздің жігіттер Германия құрамасымен және турнир иелерімен 9-11 орындар үшін ойнады. Олар екі матчты 3:0 есебімен жеңіп, 9-шы орынды иеленіп, осы жағдайдағы үздік нәтижеге қол жеткізді.

Дайындағандар Анастасия АЛЮШИНА, Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

26 шілде 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.