Атырау, 21 желтоқсан 21:34
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

2 657 просмотра

КАРАТЕ


Шілденің 13-і мен 16-ы аралығында Иордания астанасы Амманда WKF карате бойынша (олимпиадалық нұсқасы) Азия чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасында Атыраудан «Қайсар» спорт клубының және ЖСШМ шәкірті Әсел Серікова өнер көрсетті.

Тарихта тұңғыш рет Аружан Мұхтар (Алматы облысы), Гүлмира Үсенова (ОҚО), Әсел Серікова (Атырау облысы) және Александра Будкина (Алматы облысы) секілді спортшылардан құралған Қазақстанның әйелдер командасы командалық кумите бойынша Азия чемпионатының финалына өтті. Оңтүстік Кореядан, Қытайдан және Индонезиядан келген қарсыластарын жеңіп, біздің спортшылар финалда Жапония командасына есе жіберіп, құрметті 2-орынды иеленді. Жеке сайыста Әсел Индонезиядан және Филиппиннен келген каратэшілерден басым түсіп, финалға шығу үшін Қытай спортшысымен жекпе-жекте ұтылып қалды.

Қазақстанның ерлер командасы қола марапаттар алды. Азия чемпионатының судьялар корпусында Қазақстаннан халықаралық дәрежедегі төреші, олимпиадалық карате бойынша Атырау облысының бас жаттықтырушысы, ҚР спорт шебері, 3-дан қара белдік иегері Сансызбай Торғаев төрелік етті. «Қайсар» спорт клубы және Облыстық спорт және дәстүрлі карате федерациясы ҚР құрамасының барлық жаттықтырушыларын, ҚР карате-до федерациясының басшылық құрамын Азия чемпионатындағы жетістіктерімен құттықтайды.

***

ДЗЮДО

Гонконгта кадеттер арасында дзюдодан Азия кубогы өтті. Қазақстан құрамасында атыраулық спортшылар 1 алтын және 1 қола алқа жеңіп алды.

60 келіге дейінгі салмақта Махамбет Рахмет алғашқы жекпе-жегінде Оңтүстік Корея спортшысын жеңіп, содан кейін жерлесі Мақсат Әбдірахманнан басым түсті. Жартылай финалда ол чехиялық қарсыласын, ал финалда Таиландтан келген дзюдошыны ұтып, Азия чемпионатының алтын алқасын жеңіп алды. Сонымен қатар, осы алтын алқа Мақсат Әбдірахманға қола алқа үшін бақ сынауға мүмкіндік берді. Оңтүстік кореялық және австралиялық қарсыластарын жеңген Мақсат бұл сайыста қола жүлдегер атанды.

Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі

***

ДЖИУ-ДЖИТСУ


Ақтауда джиу-джитсудан ересектер арасындағы Азия чемпионаты өтті. Атыраулық спортшылар 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медальға ие болды.

Файтинг түрі бойынша 56 келіге дейін салмақта сынға түскен Жеңіс Нұрлыбаев чемпион атанды. Комбат түрі бойынша Азиза Аманжолова мен Тыныс Бисалиев күміс жүлдеге қол жеткізді. Əлішер Ақжігітов (Комбат), Дастан Қарасаев (файтинг), Ануарбек Ихсанов (Неваза) және Берік Уткелбаев (файтинг) қоланы місе тұтты.

***

ЕРКІН КҮРЕС

9-12 шілде күндері Екібастұз қаласында еркін күрестен 2003-2004 жылы туылған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті.

Жарыста 68 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ерсұлтан Ерболатұлы күміс жүлдеге ие болса, 44 келіге дейнгі салмақта өнер көрсеткен Нұрдәулет Базарбаев қола медаль иегері атанды. 

Дайындағандар Анастасия ШЕРСТЯНКИНА, Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ


19 шілде 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.