Атырау, 26 қараша 02:54
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Есірткіге байланған ғұмыр

Сурет
3 360 просмотра


Былтыр шілде айында Атырау облыстық наркологиялық диспансер жанынан тамырға егетін нашақорлар үшін алмастырушы метадон терапиясының пункттері ашылған еді. Бұл оқиға мамандар арасында түрлі пікірлер туғызды. Жыл өтті – нәтижелері қандай?


...Таңертеңгі сағат 9-да препаратты қабылдау пунктінде үш азамат кішкене торлы терезеге кезекке тұрып дозаларын алып жатты. Олар көптің көзіне түспей тезірек ішіп кету үшін көбіне ертерек келіп кетеді екен. «АЖ» тілшісіне тәжірибелі нашақор Айбек өзі жайында әңгімелеп беруге әңгімелеп беруге келісті.

Айбек (аты өзгертілді):

- Бәрі алдымен ерте жасымнан темекіге әуестіктен басталды. Одан кейін темекінің де қызығы болмай марихуананы да бір көрсек деп қарап, содан 21 жасымда инеге қалай тәуелді болып шыға келгенімді білмей қалдым. Үйленіп, отбасын құрдым. Алайда, бар тапқанымды есірткіге жұмсаған соң, отбасым да, достарым да меннен сырт айналды. Ұрлыққа үйір болдым. Бірақ қаншама рет өзімді есірткіден бас тартамын деп қинасам да, мүмкін емесін кеш түсіндім.

«АЖ» анықтамасы: Метадон – апиындар тобына жататын, анальгетик ретінде, сонымен қатар есірткіге тәуелділікті емдеуде қолданылатын синтетикалық дәрілік препарат. 2005 жылы қолданылған демеушілік бағдарлама шеңберінде ғана пайдаланылуы тиіс деген ескертпемен ДДСҰ тізімінің «Психотропты заттарға тәуелділікті емдеу бағдарламасында қоданылатын дәрі-дәрмектер» бөліміне енгізілген. 

Айбек жыл ішінде өмірінің оңала бастағанын метадон терапиясының күшімен байланыстырды. 

- Жұмысқа орналасып, жанұяма қайта қосылдым. Қазір үш балам мен әке шешемнің қасында бір шаңырақта адамша өмір сүріп жатқаныма қуанамын. Бұрын ине салуға ақша таба алмай қиналып жүргенмін, қазір әр күніме қуанамын. 

Оның айтуынша, метадон терапиясымен емделгісі келетін ескі таныстарының да бар екенін айтады. Алайда қалау бір бөлек, шешім қабылдап, диспансерге есепке тұру керек.

Дәрігерлердің айтуынша, метадон қолданушылар күнде таңертең пункте келіп, препаратты қабылдайды. Сұйық шәрбатты ішкен адам күні бойы есірткі іздемейді екен. Есірткіні алмастыратын препарат нашақорларға тегін беріледі. Бүгінде бұл препаратты Атырау қаласының 5 азаматы ғана пайдаланады.

- Метадонды пайдаланған пациенттеріміздің өмірі жақсара бастады. Жұмысқа орналасып, үй-күйі де түзелді. Өлшемін дұрыс пайдаланса, бұл  масайтпай ,тек ағзаның қажетін ғана өтейді,- дейді Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Светлана СТРАМОУСОВА. – Емдеудің бұл түріне қоғамның пікірі әр түрлі. Дегенмен бұл препарат есірткіге тәуелді адамға қылмыс жасамауға, есірткі көздерін іздемеуге, ине салмауға көмегін тигізіп отыр. Ал терапияның ұзақтығына келсек, ол әркімнің есірткіге тәуелді болған уақытына организміне байланысты.

«АЖ» анықтамасы: Бүгінде Атырау облысы бойынша есірткіге тәуелді 791 нашақор (2017 жылы -  836) тіркеуде тұр. 2016 жылы 813 адам тіркелген, көпшілігі қарасора пайдаланады. Атырау облысы бойынша есірткі пайдаланудан Атырау қаласы және Жылыой мен Мақат аудандары көш бастап тұр.

Гүлмира ЕСЕНГЕЛДИЕВА, дәрігер-нарколог:

- Емделуші уақытша мекенін өзгертсе немесе шаруаларымен басқа қаладан кетсе, оларға дәрі берілмейді. Мысалы, пациент басқа қалаға барса, сол жерде есепке тұрып, емін жалғастыру қажет. Ең бастысы, бізге алдын ала ескертеді. Біз баратын жағына хат жолдап, тізімге енгізіп қоямыз.

- Менің түсінгенімдей, бұл облыс орталықтарына қатысты. Ал егер аудандарға 2-3 күн сапарлап баратын болса немесе вахталық жұмысқа шықса ше?

- Жоқ, біз препаратты қолға бермейміз.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор


21 маусым 2018, 18:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.