Фармацевтика саласындағы табысқа жеткен кәсіпкер Қанат ТАСЫБЕКОВ 51 жасында бизнесін зайыбына табыстап, өзі қазақ тілін үйренуге бел шеше кірісті. Бір жылдан соң қазақша сөйлеп, екі жылдан соң өзінің қалай үйренгені туралы алғашқы кітабын жазды. Енді таныла бастаған тіл тәлімгері бизнесін жоғалтқанымен, өзіне және өміріне дән риза. Жақында Атырауға келген сапарында ол «АЖ» тілшісімен кездескен еді.
- 2010 жылы тіл үйренуді қолға алғаннан бастап бәрінен бас тарттым, қайта оралмадым. Фирманы жаптым. Енді бар көңілім кітаптарда. Балаларым ержетті, кітаптарым аз-мұз пайда әкеледі. Сонымен қатар, қазақ тілін үйрену әдісім бойынша шеберлік сабақтарын өткіземін. Ұйым коммерциялық болса – тариф белгілеймін, егер университет шақырса, олардың ақшасы болмайды ғой, тегін әңгіме айтамын. Міне, Атыраудағы туыстарыма келуім керек болды. Сол кезде мені бірде жергілікті қорлардың бірі шақырғаны есіме түсті. Оларға билетімнің ақысын төлеуді ұсындым, сол үшін қазақ тілі мұғалімдеріне арналған шеберлік сыныбын тегін өткіздім.
- Қызық, сіз қазақ тілінің мұғалімдеріне не үйрете аласыз?
- Ең болмағанда, академиялық тәсілді өзгерту керектігін. Олар өмірде қолданылатын қолданбалы нәрселерді үйретуі тиіс. Әрине, олар маған емес, осындай данышпан Тасыбековке келді ғой. Шамасы, білім беру бөліміндегілер бұйырған шығар.
- Бастапқыда сіз қандай деңгейде болдыңыз, тұрмыста қолданылатын сөздерді түсінген шығарсыз? Оқып, диалог жүргізе алатын ба едіңіз?
- Сіз дұрыс айттыңыз – сондай шала қазақ болдым. Газеттегі бірінші абзацты оқи алатынмын, содан кейін тілім күрмеле бастайтын. Жұрт алдында сөйлеу білмейтінмін, терең ойларымды жеткізе алмайтынмын. Мен сияқты орыстілді қазақтар мың, жүз мыңдаған емес, одан да көп. Себептеріне тереңдемей-ақ қояйын, бірақ мұны мына нәрселермен байланыстырамын: мен 1959 жылы бүкілодақтық халық санағы жүргізілген жылы дүниеге келдім, ол кезде республикадағы қазақтар 29%-ды құрады.
- Ал кімдер басым болды?
- Орыстар - 40,2%, содан кейін біз - 37,9%, әрі қарай украиндар, тағы басқа. Мектепті, зоотехникалық институтты орыс тілінде оқыдым, содан кейін Мәскеуде аспирантурада оқыдым, кейін француз тілінде диссертация жаздым.
- Француз тілі күтпеген нәрсе болды.
- Иә, жылқы шаруашылығы бойынша, дәлірек айтқанда, азық базасы бойынша докторантура Францияда болды. 1994 жылы «Болашақ» грантын алдым.
- Сіз алғашқы болашақтықтардың қатарындағы көнекөз қария екенсіз ғой.
- Дәл солай. Мен стипендия түлектерімен кездескен кезде, мені бәрің құрметтеулерің керек, мен болашақтық ақсақалмын деп айтамын. Мен ғылым кандидаты, доцент едім, балаларым болды. Бізге дейін тек Англия мен Америкаға екі топ ғана кетті, ал біз Францияға бірінші болып келдік. Франциядағы Қазақстанның қазіргі елшісі Жан ҒАЛИЕВ ол кезде біздің топта болды, барлығы жеті адам бардық. Сол жақта үш жылымды өткіздім.
- Француз тілінде сөйлейсіз бе?
- Енді, үш жыл бойы үндемей жүрген жоқпын, диссертациямды француз тілінде жаздым. Одақ кезінде өз университетімнен тіл үйрену үшін Мәскеуге бардым. Сол кезде жоғарғы оқу орындарының оқытушыларына кеңестік бағдардағы елдерге іссапармен жіберу үшін шет тілдерін үйрететін.
Мен жылқы шаруашылығын француз тілінде жүргізу үшін Алжирге баруға тиіс болдым. Мәскеуде қарқынды 10 ай оқығаннан кейін бұл тілді өте жақсы меңгеріп алдым, басында ештеңе білмейтінмін. Бірақ сол кезде Одақ құлап, Африкаға бармай қалдым. Сол кезде стипендия бұйырды. Францияға барғанда, менде ешқандай қиындық болған жоқ - радио тыңдап, сөйлесіп, жазып жүрдім. 3 жыл өткен соң оралып, бизнеспен айналыстым. Ірі француз фирмасының өкілдігін басқардым. «Эссенциале форте» туралы естіген шығарсыз? Бұл фирма осы формуланың иесі.
- Сіз жылқы шаруашылығы бойынша диссертацияңызды қазынаның қаржысына жаздыңыз да, француздық фармацевтикаға кетіп қалдыңыз. Алғашқы болашақтықтар ел алдындағы қарыздарын өтемеді ме?
- Жаздым, бірақ докторлық қорғаған жоқпын, өйткені стипендия төлеуді тоқтатты, бізге қазір зоотехниктер қажет емес деді. Сөйтіп қайтып келуге тура келді. Бірақ қайда?! Бұл 97-жыл еді, қайтадан институтқа барғым келмеді. Париждегі фирманың штаб-пәтеріне барып, өзімді таныстырдым. Сөйлестік, олар сізді ескереміз деді. Мен 1997 жылғы желтоқсанда Қазақстанға оралдым, ал ақпанда компанияның эмиссары келді. Сөйтіп мені Қазақстан мен Орталық Азия елдері бойынша өкіл етіп тағайындады. Біз дәрумендерді, жануарларға арналған тағамдық қоспаларды насихаттадық. Жоғары жалақы, көлік, әлеуметтік пакет, сақтандыру, Мәскеуге, Парижге... тұрақты іссапарлар. Содан кейін ресейлік өкілдік болды, кейін мен өз фирмамды аштым. Содан соң 50-ге толып, мерейтойымды атап өттім. Сол кезде маған тілсіз өмір сүру қолайсыз екенін сезіндім.
- Сіздің «Ситуативный казахский» кітабыңыз Қазақстандағы ең табысты еңбектердің бірі болды, сіз «жанды жерді» дөп бастыңыз.
- Иә, мен қазіргі замандағы таралымы көп автор болдым, бірақ Баян ЕСЕНТАЕВА менен озып кетті, - деп күлді Тасыбеков. – Кітап жазбас бұрын бір жарым жыл тіл үйреніп, еркін сөйледім. Бір күні таңертең компьютерге отырып, файл аштым да «Ситуативный казахский, том первый» деп тердім. Кітапты бір жыл ішінде жазып шықтым.
Мен осы тұрғыда марқұм Герольд БЕЛЬГЕРМЕН достасып кеттім. Бірде ол маған: «Мына кiтапты мен жазуым керек едi, сен жаздың» деді.
Бірақ мен ерекше ештеңе жасаған жоқпын. Өмірдегі тіршілік түйткілдері бойынша тақырыптарды бөліп, өз тәжірибем туралы жаздым. Бұл сөз орамдарын ойлап тапқан мен емеспін ғой, мен тек оларды жинап, құрастырдым. Кітап Қазақстанда танымал болып, мен атақты адамға айналдым. Маған медаль, содан кейін орден тақты. Мектептер үшін ұлттық дәстүрлер туралы оқулық жаздым. Шеберлік сыныптарын өткіземін. Ұлттық кітапханада өзімнің қазақ тілі клубын ұйымдастырдым. Енді хабарлар циклін шығаруды жоспарлап отырмын. Жазушы деген атқа ие болған соң, көркем әдебиетке де ден қойдым.
- Сіз қай тілде ойлайсыз?
- Жағдайға байланысты, бірақ көбінесе қазақ тілінде. Діл тілмен тығыз байланысты. Адамның дүниені сезінуі. Мен орыс әлемін білемін, орыс тілінде ойлаймын, француз әлемін жақсы көремін, азды-көпті білемін. Ал қазақ тілін өзім үшін енді ғана ашып жатырмын. Адам қанша тілде сөйлесе, сонша адам боп саналады деген сөз бар ғой. Міне, осыны мен өз басымнан өткердім, қазақ мәдениетіне есік аштым, қазір сондай ләззат аламын. Біздің бүкіл мәдениетіміз тілде ғой. Біз көшпенді халықпыз, кітаптарды томдап жазып, сақтап, жеткізе алмадық, сондықтан менің халқымның шығармашылық қуатының басым бөлігі – Сөз құдіретінде жатыр.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суреттер Қ.Тасыбековтің мұрағатынан алынды