
2025 жылы Қазақстанның автокөлік нарығы тарихи көрсеткіштерді көрсетіп отыр.
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) дерегінше, 2025 жылғы қарашада Қазақстанда 25 804 жеңіл автокөлік пен коммерциялық техника сатылды. Бұл өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда 22,7% жоғары. Айлық сатылым бойынша бұл — рекорд, ал 2025 жыл Қазақстандағы ресми авторитейл тарихындағы ең нәтижелі жыл болмақ.
Жыл басынан бері 11 айда отандық дилерлер 207 616 жаңа автокөлік өткізді (+15,6%).
ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, қараша айында ресми дилерлер 25 мыңнан астам жаңа автокөлікті өткізді, және бұл ай рекордтық нәтиже көрсетті. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жаңа автокөлік нарығы былтырғы жылдың толық көрсеткішінен асып түсті, әрі алда бізді белсенді сатылым кезеңіндегі тағы бір ай күтіп тұр. Уәде еткендей, дилерлер серіктестермен бірлесіп қаржыландыру құралдарының қатарын кеңейтіп, арнайы ұсыныстар мен акцияларды іске қосуда. Дәстүрлі түрде желтоқсан автокөлік сатып алу үшін ең тиімді ай саналады.
Қарашада ең көп сатылған маркалар рейтингінде орыналмастыру болды: Chevrolet 7 777 автокөлікпен (өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда +76%) көш бастап, Hyundai нәтижесін (5 261; +37,9%) басып озды. Kia дилерлері 1 990 автокөлік сатты (+23,1%), Jetour — 1 326 (+43,7%). Бесінші орында Toyota (1 252; +3,4%). Алтыншы— Chery (1 123; -25,9%), жетінші — Haval (1 091; -24,9%). Үздік ондықты Changan (1 006; +4,1%), Geely (828; -15,3%) және Jac (597; -43,5%) толықтырды.
Қараша айындағы ең танымал модельдер: Chevrolet Cobalt (7 105), Hyundai Tucson (1 945) және Kia Sportage (1 320). Төртінші орында — Hyundai Mufasa (1 019). Оданкейін: Hyundai Elantra (907), Haval M6 (641), Hyundai Santa Fe (614), Chevrolet Onix (609), Changan CS55 Plus(498) және Hyundai Sonata (487). Үздік ондыққа енген барлық модель Қазақстанда өндірілген.
Он бір ай қорытындысы бойынша брендтер арасында Hyundai көш бастап тұр (45 220; +19,3%). Екінші орында— Chevrolet (33 486; +26,5%), үштікті Kia түйіндеді (21 481; +1,9%). Jetour төртінші орында (13 012 кроссовер; +55,6%). Бесінші — Chery (12 518; -7%), алтыншы — Haval (10 424; +7,8%). Одан кейінгі орындарда: Changan (10 131; +31,6%), Toyota (10 075; +2,9%), Geely (9 020; +24,6%) және Jac (8 787; -13,4%).
Мамандар сатылымның тұрақты өсуі тұтынушылардың белсенділігі жоғары және автомобиль өнеркәсібінің, соның ішінде нарықта негізгі рөл атқаратын жергілікті өндірістің дамуын көрсетеді деп атап өтті.
В Атырау -7