Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан және Азия чемпионы Илья НАСТОЧЕНКОҒА екі жыл бұрын ауыр жарақат салдарынан грек-рим күресі бойынша спорттан кетуге тура келді. Алайда ерік-жігерінің арқасында палуан боз кілемге оралып, жақында ел біріншілігінде күміс алқа жеңіп алды.
- Илья, сіз үшін ауыр тиетін тақырыптан бастайық. Жарақатты қалай алдыңыз?
- Жарақаттар көп болды, бірақ мұның орны бөлек. Бастапқыда спорттық мансабым қарқынды дамып, түрлі республикалық және халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп жүрдім. Студенттер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған соң, бірер айдан кейін Рио-де-Жанейродағы беделді халықаралық турнирге қатысу үшін ұлттық құрамаға іріктеу жүргізілетін Қазақстан чемпионатына дайындықты бастадым.
Салмақ қудым, бұл кезде сүйектер мен буындар «нәзік» болады. Сөйтіп, чемпионаттан бір апта бұрын жаттығу кезінде қарсыласым аяғыма отырып қалып, аяғым сынды. Әрине, ол мұны қалаған жоқ. Жарты жыл бойы емделдім, содан кейін кілемге шығуға шешім қабылдадым, тіпті, турнирлердің бірінде алтын алқа иелендім. Бірақ ауырған аяғым асқынып кетіп, содан кейін екі жылға спорттан кетіп қалдым.
- Осы екі жылды үш сөзбен сипаттап беріңізші.
- Отбасы, үй, балалар. Бірақ маған бұл жерде «спорт» деген төртінші сөз қатты жетіспеді. Күресті тастамадым, жұмысымнан бос уақытымда жаттықтым, біртіндеп формама келдім. Әлі де ірі турнирлерге қатыса алатыныма үнемі сенімді болатынмын. Жаттықтырушым және досым Валентин ТЕН көп көмектесті. Осы жылдың сәуір айында жаттығу жиындарына бардым, содан кейін Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Сапарбаев атындағы халықаралық турнирге қатысып, үшінші орын иемдендім. Екі аптадан кейін ел чемпионатында күміс алқа жеңіп алып, ұлттық құрамаға қосылдым. Қазір Валентинмен бірге келесі турнирлерге дайындалып жатырмын, олардың бастысы – Азия ойындары мен Әлем чемпионаты.
- Сіз жұмыстан бос уақытыңызда жаттығатыныңызды айттыңыз. Ол қандай жұмыс?
- Мен Атырау облыстық ІІД жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкерімін. Жұмысты спорттың арқасында таптым деп айтуға болады, бұл жерде осы дағдылар қажет. Жігіттер мен басшылар маған қолдау көрсетеді, турнирдегі жетістіктерім қалай екенін үнемі сұрап жүреді. Бұл қуантады.
Валентин ТЕН:
- Мен спорттық мансабымды 2009 жылы аяқтадым, содан кейін жас спортшыларды жаттықтыра бастадым. Ильяға дос әрі бапкер ретінде көмектесемін. Қазір ол тамаша күйде. Оны да, жас спортшыларды да тегін жаттықтырамын.
Илья: Жалпы, менде бірнеше жаттықтырушы болды. Бала кезімде спортқа жолдама берген жаттықтырушым Батырбек БАЙМҰРАТОВ болды. Ал Валентин барлық турнирлер мен чемпионаттарда дерлік алдымен командалас жолдас ретінде, содан кейін жаттықтырушы ретінде менің жанымда болды. Маған жекпе-жек техникасы мен тактикасы бойынша көп нәрсе үйретті. Оның тәжірибесі мол, ересектер арасындағы Әлем чемпионатының Атыраудағы алғашқы әрі жалғыз қатысушысы, Азия Кубогының иегері. Жарақат алғанымда, ол мені тастап кетпеді, керісінше, маған жан-жақты қолдау көрсетті.
Сұхбатымыздың соңында ҚР Еңбек сіңірген бапкері Рашид МУСИН бізге қосылды:
- Облыстың аға жаттықтырушысы болып тұрған кезімде, Ильяны 14 жасынан бастап барлық жарыстар мен жиындарға апарып жүрдім. Ол спорт тұрғысында жаратылысынан өте дарынды жігіт. Оның, әрине, Валентиннің арқасында қайтадан қатарға қосылғанына қуаныштымын. Жалпы, бұл дуэт көп уақыт бұрын пайда болған еді. Олардың достығы Ильяның нәтижелеріне оң әсерін тигізетінін бұрын да байқап жүрдім, мұны мүмкіндігінше көтермелейтінмін. Жалпы, бұл жерде Валентиннің адалдығы мен еңбекқорлығын атап өткім келеді. Қазір көптеген жаттықтырушылар нәтиже қуып, легионерлер шақырады, спортшылардың жасын «жасартады», не айтқым келгенін түсініп отырған шығарсыз. Ал ол спорт залында қарапайым ғана еңбектеніп, жергілікті спортшылардан чемпиондар дайындайды. Қазір екі спорт шебері - Нұркен Дүйсенғалиев пен Саламат Исеналиевті дайындады. Осындай жаттықтырушыларға да стипендия төлеп, жан-жақты ынталандырса екен деймін.
Илья Насточенко Облыстық күрес федерациясының президенті Қайрат Оразбаевқа, облыстық спорт басқармасының басшысы Азамат Бекетке, Атырау облыстық ІІД басшысы Аян Дүйсембаевқа, кадрлармен жұмыс басқармасының басшысы Қайрат Шонаевқа және Жәнібек Шариповқа қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор