Атырау, 25 сәуір 04:37
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​Ұлттық валютамен сауда-саттық жүргізу не үшін қажет - Елбасының жауабы

2 076 просмотра


Бүгін Қытайға мемлекеттік сапарын қорытындылап, қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валютамен сауда-саттық жүргізу не үшін қажет екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ШЫҰ саммиті барысында Елбасы ШЫҰ-ның барлық елдерінің ұлттық валютасында өзара есеп айырысуға көшуді экономиканың қауіпсіздік аспектілерінің бірі ретінде ойластырған жөн екендігін айтқан болатын. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы осы мәселеге кеңінен тоқталды. 

«Бұл баяғыдан көтеріліп келе жатқан мәселе. Ресей мен Қытай арасындағы сауда-саттық өткен жылы 80 млрд долларға жетті. Америкалық доллар да кірпияз. Не істегісі келсе, соны жасайды деуге де болады.  Қытай мен Қазақстан арасындағы сауданы теңгемен және юаньмен жүргізсек, бізге пайдалы болар еді.  Бұл тек біздің ғана мәселеміз емес. Бүкіл өңір, Ресей бұл жұмыстарды жүргізіп келеді және ол оңай да емес. Олар бізден теңгемен, біз олардан юаньмен сатып аламыз. Ол үшін аталған қаражаттың базасын  құру қажет. Банктерде мұндай ақша, қандай да бір депозит болуы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. ҚР Президентінің айтуынша, сауда-саттықты ұлттық валютада жүргізудің келешегі бар. 

«Мен мұндай желіні қолдаймын. Бұл тиімді болады. Тіпті бізде Қазақстан мен Ресей арасында рубль мен теңгеге көшу қажет деген пікір бар. 100 пайыз бола қоймас. Себебі батыстан импорт алатын болсақ, бәрібір де доллар қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы бұл бағытта тиісті тапсырмалардың берілгенін және ұлттық валютада сауда-саттық жасау нақты биыл енгізілмейтіндігін айтты. 

«ШЫҰ-ға мүше елдердің ешқайсы қарсылық танытқан жоқ. Енді қаржыгерлер бірлесіп жұмыс істеп, бізге ұсыныс енгізуі тиіс. Ағымдағы жылы анық болмайды», - деді Елбасы.

Дереккөз: inform.kz

11 маусым 2018, 09:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.