Атырау, 20 сәуір 09:53
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

ШЫҰ саммиті халықаралық ықпалдастықтың жаңа моделін ұсынады - ҚХР Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй

2 142 просмотра


Циндао қаласында өтетін Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының кезекті саммиті халықаралық ықпалдастықтың жаңа моделіне жол ашпақ. Бұл туралы ҚХР Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй ҚазАқпарат тілшісіне сұхбатында айтты.

- Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай мемлекетінде ресми сапармен жүр. Жақын арада ШЫҰ басшылары 18-рет бас қосады. Ұйымның құрылғанына 17 жыл болыпты. Осы аралықта аталған ұйым өзі ұсынған сенім үдесінен шыға білді ме?

- ШЫҰ мүше елдерінің басшыларының 18-рет бас қосуы 9-10 маусым аралығында Шандунь елді мекеніндегі Циндао қаласында өтеді. Ұйымның қарыштап даму кезеңінде 18-саммиттің маңызы зор. Себебі, жиында одан әрі тиімді ықпалдастықтың көкжиегі ашылады. Жиын барысында 8 мүше елдің басшылары, 4 бақылаушы мемлекеттің өкілдері аймақтың геосаяси даму бағытында маңызды мәселелерді талқылайды, шешеді. «Шанхай бірлігі» - менің ұғуымша, өзара сенімділік, тиімділік, теңдік, ортақ мақсатпен даму. 17 жыл бойы ШЫҰ алып территориядағы халықты біріктіріп, аймақтың саяси тұрақтылығы, бейбітшілік орнауына, дамуына үлес қосып келеді. Былтыр төрағалық Қытайға өткеннен бері 160-тан астам шара ұйымдастырылды. Бұл саммит Шанхай рухын паш етеді. Өзара сенім, өзара пайда, тең құқылық, ортақ дамуға ұмтылу осы рухтың негізгі мазмұны болып табылады. Өзара сенімді тереңдетуде, өңірдегі тұрақтылық пен  бейбітшілікті орнатуда, сонымен қатар халықаралық қатынастардағы барынша тиімді бағыттарға ұмтылуда бұның маңызы өте зор.

- Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара ынтымақтастық қазір қай деңгейде?

-  Қазақстан - Қытайдың тең құқылы, стратегиялық көршісі. Екі елді ортақ өзендер, таулар біріктіреді. Біздің арамызды 1700 шақырымдық шекара бөліп жатыр. Апта сайын арада Қытай-Еуропа, Қытай-Орталық Азия бағытында 10 контейнерлік пойыз қатынайды. 6 қаланың арасында тікелей рейс бар. 5 ашық кеден өткізу пункті, 4 газ құбыры, 1 мұнай құбыры, 2 темір жол желісі біріктіріп тұр. ШЫҰ-ға мүше елдер арасында Қазақстан мен Қытайдың беделі жоғары. Сонымен қатар, Қазақстанның «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» жобасы үндес екенін ерекше атап өткім келеді.

- Қос елдің арасында экономикалық-сауда байланысының бүгіні мен болашағы қандай?

- 2017 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 18 млрд АҚШ долларына жетіпті. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 37,4%-ке артық. ҚХР алғаш рет қазақстандық газды тасымалдай бастады. Қытайдың Еуропа бағытындағы трансшекаралық пойыздар құрамы 1800-ге жетті. Аспанасты елі - Қазақстанның ірі жобаларына, әсіресе шикізаттық емес саладағы жобаларына ақша құятын төртінші ірі инвестор. Бір ғана Алматыдағы бас консулдықтың аумағында құны 27 млрд АҚШ доллары болатын ондаған инвестициялық индустриялық жоба жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, энергетика, байланыс, азық-түлік, инфрақұрылым, автомобиль құрау, ауыл шаруашылығы, химиялық өндіріс, құрылыс материалдары өндірісі, металлургия, тау-кен өндірісі, Қытай-Қазақстан мұнай-газ құбыры, Мойнақ СЭС, «Kelun Pharm» ЖШС, Шымкент МӨЗ тағы басқа жобалар екі ел ынтымақтастығының жарқын үлгісіне айналды. Қытай мен Қазақстанның өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуі және тереңдетуі қос тараптың да мүддесіне сәйкес келіп отыр. Қазақстан Президентінің осы сапары барысында қол жеткізілетін нәтижелер екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына қуатты серпін беретіндігіне әрі Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашатындығына кәміл сенемін. 

- Әңгімеңізге рахмет.

Дереккөз: inform.kz

8 маусым 2018, 12:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.