Атырау, 16 сәуір 16:15
 ашықВ Атырау +16
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

KADEX-те көз жұмған ер адамның ұлы: министрдің сөзі есеңгіретіп тастады

2 215 просмотра


Ер адам Sputnik редакциясына KADEX қару-жарақ көрмесінде болған қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың KADEX көрмесіндегі адам өліміне қатысты айтқан сөздері марқұмның отбасын есеңгіретіп тастады. "Ол өзі кінәлі" деп ақталған шенеунік бұл жолы тым артық кеткен сияқты. 

Алпыс алты жастағы ер адамның ұлы жазатайым оқиға болған күнді күрсіне еске алады. Өткен бейсенбі күні ол әкесін соңғы рет құшақтап, бетінен сүйген еді. 

"Жедел жәрдем" әрекет етпеді

Қаза тапқан елорда тұрғыны KADEX көрмесінен бірде бір рет қалған емес. Биыл да жоғары оқу орнын бітіргеніне қырық бес жыл толуын атап өтуге бармас бұрын, қуатты техника мен қару-жарақ таныстырылған көрмені тамашалап қайтуды жөн көрген.   

"Менің әкем көрмеге заңсыз жолмен кірген жоқ. Оның шақыру қағазы болды. Аты-жөні де тізімде көрсетілген. Егер ол қағаздардың көзін құртып жібермесе, қайтадан шығарып, тексеруге болады. Әкем жақында ғана зейнетке шыққан еді, дені сап-сау болатын. Бір ай бұрын ауруханада толық қаралып шықты. Әрине, күн сайын 10 шақырымды жаяу жүріп өтетін адамның өлімі отбасымызға ауыр тиді, ешкім күтпеп еді. Сол күні көрмеге немересін ертіп барған болатын", — деп еске алды қаралы күнді марқұмның ұлы. 

Көрмеге әкесімен бірге ұлы да бармақшы болған, алайда сол күні жұмыстан босай алмапты. Түске таман телефон шырылдады: "Ата құлап қалды". 

"Маған жүргізуші қоңырау соқты. Әкем жүргізушіге өзін алып кетуді өтініпті. Ол шығатын тұсқа жақындап қалған. Алты минуттан кейін немересі телефон соғып, "Ата құлап қалды" деді", — деп жалғастырды әңгімесін ер адам.

Оның айтуынша, оқиға орнында кезекшілік еткен жедел жәрдем бригадасы жарақаттанған адамды ауруханаға апарудан үзілді-кесілді бас тартқан. Нұсқау бойынша шығуға болмайды деп ақталыпты. 

- Сіздер не істеп тұрсыздар? 

- Жедел жәрдемді күтіп тұрмыз.

- Ал сонда сіздер кімсіздер?

- Кезекшіліктегі жәрдембіз. 

 —Сонда қандай "жедел жәрдемді" күтіп тұрсыздар? 

 —Басқа көлікті. 

Зейнеткердің жаны қиналып жатқанда, марқұмның ұлы мен дәрігерлер арасында осындай әңгіме болған. 

"Дәрігерлер әкемнің үстіне ауыр зат құлап түскенін, қысымы төмендеп бара жатқанын айтып түсіндірді. Сол маңға ең жақыны президент іс басқармасы  медициналық орталығының ауруханасы болды. Мен кезекші "жедел жәрдемнен" әкемді тезірек ауруханаға жеткізуге көндірдім. Оқиға орнына келгеннен кейін, тағы бес минут көндірдім. Әкем көліктің ішінде еді, менімен сөйлесті. Олардың басқа жедел жәрдем көлігін күтетінін түсінгенде, президент іс басқармасы медициналы орталығына қоңырау шалдым. Өздерінің көлігін жіберуді өтіндім", — деді ол. 

Зейнеткердің ұлының айтуынша, президент іс басқармасы медициналық орталығының дәрігерлері көрмеге келгенде, төтенше жағдай болған уақыттан қырық бес минут өткен. Айтуынша, осы уақыт аралығында әкесін қаладағы кез келген ауруханаға жеткізуге болатын еді. 

"Медициналық орталықтың жедел жәрдем көлігіне мен де отырдым. Ашулы,  ызалы едім. Әкем дәрігерлердің жұмысына кедергі келтірмеуімді өтінді. Ауруханаға келгенімізде, соңғы рет оны құшақтап, бетінен сүйіп үлгердім", — деді марқұмның ұлы.

Кім кінәлі?

Қапыда асқар тау әкесінен айырылып қалған ұлының кешеден бері телефонына дамыл жоқ. "Көрмеде қайтыс болған адамның өзі кінәлі" деген министр Атамқұловтың сөзін баспасөз бетінен оқыған жұрт абдырап қалған. 

"Министрдің бұл сөзін естіп, не айтарымды білмей отырмын. Барып тұрған сандырақ. Әуелі өз құлағыммен естіген жоқпын ғой, мүмкін журналистер бұрмалап жазған шығар деп ойладым. Миға қонбайтын дүние ғой", — дейді ол. 

Түстен кейін Атамқұлов марқұмның үйіне келген. Туыстары қара жамылған шаңыраққа көңіл айтуға емес, ақталу үшін келгендей болған министрдің қылығын түсіне алмағанын айтады. 

"Отырып алып ақталумен болды. Қайғыдан қан жұтып отырған анам мен әжеме оның журналистерді жамандағаны қызық секілді…Кейін теледидардан министрдің не деп сөйлегенін өз құлағыммен естіп, журналистердің оның сөзіне ештеңе алып-қоспағанына көзім жетті. Керісінше болған жағдайда ол сотқа жүгініп, олардан жоққа шығаруды талап етер еді. Оның әр сөзі – өтірік. Менің әкем басқа жерден емес, орталық қақпадан кірген. Оның түсірген видеосынан көрмеде халықтың көп болғанын көруге болады. Ал министр бәрінің павильондардың ішінде жүргенін айтыпты», — дейді марқұмның ұлы. 

Сондай-ақ, ол әкесі қосалқы мердігер компанияның қызметкері болды деген ақпаратты да жоққа шығарды. 

" Менің әкем өмір бойы білім беру саласында еңбек етті. Құрметті азамат", — дейді зейнеткердің ұлы. 

"Мұндайды ешкімнің басына бермесін. Біз өмір сүріп жатқан қоғамның жақсарғанын қалаймыз. Тағдырдың жазуы осы шығар. Бірақ мәселе басқада болып отыр, жедел жәрдем дәрігерлері салғырттық танытты. Олардың міндеті – адам өміріне араша түсу емес пе? Сондықтан осындай жағдай қайталанбауы үшін кінәлі адамдар жазасын алуы керек, бұдан бәрі сабақ алуы тиіс", — дейді ол.  

Марқұмның ұлының айтуынша, тергеу істің қалай жүріп жатқаны жөнінде мәлімет бермей отыр. Ал отбасыға көрсетілген материалдық көмек туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. 

"Ешкім бізге ешқандай көмек көрсеткен жоқ. Екіншіден, бізге көмек керек те емес. Әкеміз қайтып келмейді. Тек президент істері басқармасының медициналық орталық дәрігерлеріне алғысымды айтқым келеді. Олар қолдан келгеннің бәрін жасады…" — деді зейнеткердің ұлы.

Дереккөз: sputniknews.kz

1 маусым 2018, 09:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.