Атырау, 20 сәуір 19:54
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Сағынтаев қымбат көлік мінетін әкімдерге шүйлікті

1 890 просмотра


Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға мекемелерді материалық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етуді тапсырды. ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев барлық әкімдікке табиғатты қорғау және орман мекемелерінің өрт сөндіру және техникалық жарақтандыру деңгейін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін үкіметтің кезекті отырысында орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жоюға даярлық мәселесі көтерілді. Осы тақырыпқа қатысты министрлердің жасаған баяндамасынан кейін Сағынтаев жергілікті атқарушы органдарға орман мекемелерін материалдық және техникалық жағынан қамтамасыз етуді тапсырды. 

"Биыл Қазгидрометтің болжамы бойынша республиканың бірқатар облысында жаз маусымында ауа температурасы нормадан жоғары болады деп болжануда. Сол себепті өрттің алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Ауыл шаруашылығы, инвестициялар және даму министрліктеріне, облыстар мен Астана, Алматы қалаларының әкімдіктеріне бірлесіп табиғат қорғау және орман мекемелерінің өрт сөндіру және техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру бойынша щаралар қабылдауды тапсырамын. Жаңа баяндамаларда айтылды, облыстарда жұмыс жүріп жатыр, дегенмен де техникамен қамтамасыз ету деңгейі әлі де төмен", — деді премьер-министр. 

Сағынтаев осы орайда жыл сайын қымбат көлік мінетін жергілікті атқарушы органдарды сынады.

"Біз БАҚ беттерінен оқып отырамыз, әкімдіктер жыл сайын қымбат автокөлік сатып алады, ал орман, дала өртін сөндіруге, тасқын суға тойтарыс беруге қажетті техниканы алуға келгенде ақша болмай қалады. Сол себепті құрметті әріптестер, осы мәселеге баса назар аударуды сұраймын. Бастапқыда қажетті құжаттарды, қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөліңіздер. Кейін артық ақша қалып жатса, қалғанын ала жатарсыздар", — деп кеңес берді үкімет басшысы. 

Сондай-ақ, премьер-министр әкімдіктер мен ішкі ішкі істер министрлігіне балалардың сауықтыру лагерлерінің, санаторийлер мен демалыс аймақтарының өрт қауіпсіздігіне баса назар аударуды тапсырды.

"Жақында жаз маусымы басталады, дайындығымыз жоғары дәрежеде болуы керек. Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, орман-дала өрттерін алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын сапалы жүзеге асыруы тиіс", — деп түйіндеді Сағынтаев.

Дереккөз: sputniknews.kz

22 мамыр 2018, 11:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.