Атырау, 19 сәуір 16:10
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

"Ең қымбат бензин – Қазақстанда" дейтіндерге Бозымбаев жауап берді

2 165 просмотра


Министр депутаттардың назарына Global petrol prices халықаралық агенттігінің рейтингісін ұсынды. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензиннің бағасы әлем бойынша Қазақстанда ең қымбат деп сынайтындарға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Кедендік одақ аясында біз фискалдық режимдегі айырмашылықты ескере отырып, бағаның тепе-теңдігін сақтауымыз керек. Мәселен, Ресейде АИ-92 бензині қазір 214-220 теңге, ал біздің елімізде орташа алғанда 160 теңге тұрады. Бұл жұмыс жалғасатын болады", — деді Бозымбаев бүгін мәжілісте  "Қазақстанның мұнай-газ секторын дамыту" тақырыбында өтіп жатқан үкімет сағатында. 

Министрдің айтуынша, біздің елімізде ең қымбат бензин деген әңгіме шындыққа жанаспайды. Ол сөзінің дәлелі ретінде депутаттардың назарына Global petrol prices халықаралық агенттігінің рейтингісін ұсынды.  

"Біздің елімізде ең қымбат мұнай өнімдері деген сөзді өте жиі естиміз. Салыстыру үшін 167 елдегі мұнай өнімдерінің бағасы бойынша жасалатын халықаралық агенттіктің рейтингісіне назар аударсақ. Бензин бағасы бойынша Қазақстан рейтингтің соңынан есептегенде 12-ші орында, дизель отыны бойынша 14-ші орында тұр. Яғни, әлемнің 167 елінің ішінде 11-інде  ғана бензин біздегіден арзан. Олардың арасында Венесуэла, Иран, Кувейт, Түрікменстан бар. Дизель отынының бағасы 13 мемлекетте ғана төмен, олар — Венесуэла, Иран, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Түрікменстан. Бұл мұнай өндіруші елдер деп айтуларыңыз мүмкін. Бірақ Сауд Арабиясы, Бірікке Араб Әмірліктері, АҚШ, Ресей, Әзербайжан секілді мұнай өндіруші елдерде бензин бағасы бізден қымбат. Бұл рейтингті халықаралық агенттік ай сайын жасайды", — деді Бозымбаев.

Министр таяуда нарықты толығымен отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ететінімізді атап өтті. Бүгінде Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау аяқталған. Ал Шымкент зауытындағы жұмыс 2018 жылы бітеді. 

Қазіргі уақытта отандық нарық өзіміздің бензинмен 90%, дизель отынымен 90%, әуе керосинімен 58%-ға қамтамасыз етілген.

"Үш мұнай өңдеу зауытында өнімділікті арттыру үшін техникалық жөндеуді басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Жыл сайынғы жөндеудің уақыты 45 күннен 20 күнге қысқарады, ал 45 күнге тоқтату үш жылда бір рет іске асырылатын болады. Бұл әрбір зауыттың мұнай өңдеу көлемін жылына орта есеппен 300 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді", — деді ол.

Дереккөз: sputniknews.kz

21 мамыр 2018, 11:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.