Атырау, 24 қараша 15:49
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мәншүктің сүрленген суреті

21 604 просмотра

Мәншүк Мәметова, 1937 жыл2012 жылдың 2 қазанында Шығыстың жарық жұлдызы Мәншүк МӘМЕТОВАНЫҢ туғанына 90 жыл толмақшы. Еліміздің мақтанышына айналған батыр қыздың немере інісі Мұрат ҚАДЕНҰЛЫ МҰҚАМЕДИЯРОВ Индербор поселкесінде тұрады. Мұрат аға Мәншүк пен туыстарының бұрын жарияланбаған суреттерін ұсынып, марқұм әкесінің айтқан естеліктерінен сыр шерткен болатын.

 

МӘНСИЯ – МӘНШҮК

Мәншүктің ағайындары кім еді? Руы Шеркеш Тойлыбайдың тоғыз баласынан тараған ұлдардың жетеуінің аттары Дүйсенбі, Сейсенбі, Сәрсенбі, Бейсенбі, Жұма, Сенбі, Жексенбі деп, аптаның 7 күніне сәйкес аталса, қалған екеуінің есімі Төребай, Қошаман деп қойылған. Төребайдан - Телғара, Телғарадан - Әлі мен Мамыт (Мәмет), Қошаманнан - Мұқамедияр туады.

Солдан оңға қарай Қанат, Әмина және Ахмет Мәметовтер- Әліден - Жеңсігәлі (Мәншүктің әкесі), Мамыттан (Мәметтен) - Ахмет пен Қанат тараған. Мұқамедиярдан әкем Қаден дүниеге келеді. Біз сонда Мәншүкпен жақын немере туысқан болып келеміз,- дейді Мұрат МҰҚАМЕДИЯРОВ.

Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында тұратын Жеңсігәлі мен оның әйелі Тойылшаның Нағи, Қадер деген ұлдары, Мәнсия  атты қызы бар еді.

1925 жылы Мамыттың Ресейде оқып жүрген үлкен ұлы мен келіні  Ахмет пен Әмина  елге келгенде сүйкімді Мәнсияға көзі түсіп, бүлдіршінді бауырына салып алады.

Үш жастағы Мәнсияның екінші ата-анасы оны «моншағым» деп еркелетіп, кейін Мәншүк атап кетеді. Ал 30-шы жылдары батыр қыздың туған әкесі Жеңсігәлі қоймада күзетші болып тұрғанда астық ұрланып, ұсталып кете барады. Ал туған анасы Тойылша жалаға шыдай алмай, құсадан қайтыс болады. Туған бауырлары Нағи мен Қадер Ахметтің інісі Қанаттың тәрбиесіне көшеді.

Мәншүк Әмина апаймен, 1935 жылСол кездегі алғашқы дәрігерлердің бірі болған Мәншүктің екінші әкесі Ахмет те 1937 жылы халық жауы ретінде ұсталып кетеді. Ахметтің інісі Қанаттың қызы Айман Мәметова «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр» кітабында әке-шешесіне Мәншүктің жазған хатынан үзінді келтіріпті. Онда өкіл әкесі Ахметтің қамалып, хабарсыз кетіп, шешесі Әминаның тұрмысқа шығып кеткенін, өзінің «халық жауының қызы» атанып, қудалауға түскенін жазған.

- Айман апамыз Әминаның Мәншүкке «әке-шешем - Жеңсігәлі мен Тойылша, олар қайтыс болған деп айтып жүр» деп құлағына құюмен болғандығын айтады. Ол кісі сталиндік құрбандықтан бауырына салған қызын сақтап қалғысы келгені анық еді. Жаламен ұсталып кеткен әкесі Ахметті ақтап алу үшін Мәншүк Сталиннің атына 3 рет хат жазған, -дейді М. Мұқамедияров.

Ахмет Мәметов өз заманының көзі қарақты, сауатты адамы болған. Жаламен атылып кеткеннен кейін 1958 жылы ақталған.

 

БАТЫР МӘҢГІ ЖАСАЙДЫ

Мәметовтер отбасы, Мәншүк төменгі қатарда, оң жақтаМәншүк Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып, майдан шебіне сұранған болатын. Бірақ талабы бірден орындалмады, қайсар қыз айтқанынан қайтпады. Ақыры 1942 жылдың 13 тамызында Алматыдан 100-ші атқыштар дивизиясы құрылып, майданға аттанды. Тіпті ол аяқ астынан соғысқа аттанғандықтан, анасы Әминамен қоштасып үлгермеген еді. Мәншүк 21-ші гвардияшы атқыштар дивизиясының пулеметшісі атанды. 1943 жылдың 15 қазанында Псков облысының Невель қаласын азат ету жолында Мәншүк ерлікпен қаза тапты. Ол 4 күн бұрын анасы Әминаға соңғы хатын  сағынышпен жолдаған еді. 1944 жылдың 1-ші наурызында Мәншүк Мәметоваға  Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

- Ол - еліміздің мақтанышы, батырдың ерлік істері мәңгі ұмытылмайды. Батыр қыздың туысы болу біз үшін зор мәртебе,-дейді Мұрат аға. - Менің әкем Қаденнің балалық шағы ауыр болды. Колхоздың қозысын бағып жүрген 10-11 жасар баланың ауыр тірлігін көрген Мәншүктің әкесі Ахмет әкемді қатты аяп, Алматыға алып кетеді. Әкей бастапқы кездері Мәншүкпен бірге Ахметтің үйінде бірге тұрады. Әкем бұрын жария етілмеген Ахмет аға, Әмина жеңгей, апасы Мәншүктің суретін қастерлеп сақтап келді. Ешкімге берген де жоқ еді, енді жариялауға болады деп ойлаймын.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА,

Суреттер М. Мұқамедияровтың жеке мұрағатынан алынды. 

13 маусым 2012, 18:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.