
Сенат Төрағасы еліміздегі банк менеджменті күрделі өзгерістердің қысымына төтеп бере алмаға нын, жаңа қаржылық дәуірдің талаптарына сай деңгейін көрсете алмағанын ашық айтты, деп хабарлайды parlam.kz.
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі күннің өзінде банк менеджменті күрделі өзгерістердің қысымына төтеп бере алмай, жаңа қаржылық дәуірдің талаптарына сай деңгейін көрсете алмағанын өкінішпен мойындауымыз керек», – деп халықтың қаржы институттарына деген сенімін әлсірете түскен бүгінгі осы жүйеде қалыптасқан ахуалды сынға алды.
Мемлекет басшысы қаңтар айындағы жолдауында қаржы секторына серпіліс қажет екенін атап көрсеткенін еске салған Жоғарғы Палата төрағасы, еліміздің қаржы жүйесін реттейтін негізгі құрылым – Ұлттық банктің алдына екінші деңгейлі банк жүйесінің жұмысын қадағалаумен қатар, банк портфелінің жағдайын сауықтыру мен берілген ипотекалық қарыздар мәселесін шешу міндеті жүктелгенін, сонымен қатар Президент банктердің портфельдерін «нашар» несиелерден тазартып, банктерден қаражатты шығаруды тоқтату жөнінде талап қойғанын атап өтті.
Елбасы қойған талаптар бойынша не істелді? Қандай шаралар қолға алынды? Бұл саланы сауықтыру үшін қандай жұмыстар атқарылуға тиіс? Осы тұрғыдан келген Сенат Төрағасы әуелі мемлекет тарапынан бұл салаға қаншалықты көңіл бөлініп келгенін, алайда осы мүмкіндікті олардың тимді пайдалана алмай отырғанын баса айтты.
«Елімізде Банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылды. Осы бағдарлама шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан банктерге мемлекет тарапынан қомақты қаржылық қолдау көрсетілді. Уақтылы қабылданған шаралар нәтижесінде банк саласындағы жағдай біршама тұрақталып, заңды және жеке тұлғалар салымдарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды. Бұл ретте мемлекеттік қаржы ресурстарының есебінен мүмкіндігі төмен банктерге қолдау көрсету жөніндегі мәжбүрлі шаралардың соңы осы болар деп үміттенеміз. Мұндай саясат кейбір банктердің мемлекеттің қолдауына иек артып, қаржы саласындағы әділетті бәсекелестіктің бұрмалануына жол берумен қатар банк секторы жұмысының тұрақтылығы мен беделіне теріс әсер етеді», – деді Қ.Тоқаев.
Дереккөз: 24.kz
В Атырау 0