
Қазақстан тұрғындары медициналық көмекке шектен тыс қаржы жұмсайды. Осындай шығындардың салдарынан қазақстандықтар кедейлікке ұшырауы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат Міндетті медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Серік Тәңірбергеновке сілтеме жасап.
«Қазақстандағы денсаулық сақтауға жұмсалған шығындар ЖІӨ 3,7% құрайды. Бұл өзге қатарлас мемлекеттермен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш. Мұндағы жеке шығындардың өзі 41% жетті. Халықаралық нұсқаулық бойынша бұл көрсеткіш 20% аспауы керек. Белгіленген шектен екі есе көп шығындалып жүрген қазақстандықтар кедейлене түседі», - деді Серік Тәңірбергенов ҚР Денсаулық сақтау министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, жеке шығындардың 30% астамы тегін медициналық көмек көлемінде декларацияланған стационарлық көмектерге жұмсалған.
«Яғни жеке шығындардың 58,4 млрд теңгесі емхана мен оңалту қызметтеріне берілген. Мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмекте стационарлық көмекке көп қаржы бөлінеді. Ондағы медициналық қызметтердің негізгі тұтынушылары - балалар, мүгедектер, қарттар және зейнеткерлер», - деп түсіндірді ол.
Серік Тәңірбергенов медициналық шығындардың көптігіне байланысты биыл Мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмекті талдау, оңтайландыру, нақтылау жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.
Дереккөз: inform.kz
В Атырау 0