Атырау, 19 сәуір 22:09
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Тоқаев жер туралы: бұл өте нәзік мәселе

2 329 просмотра


Сенатта жер дауынан кейін әзірленген заң жобасы екі оқылымда қаралды. Сенатта жер қатынастарын реттеу мәселелері туралы заң жобасын талқылау барысында палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жер мәселесінің өте нәзік екенін айтып, аса мұқият болу керек екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Заң жобасын талқылау барысында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов шаруалар мен әкімдіктер көтеріп жүрген маңызды мәселені жеткізді. 

"Жергілікті жердегі кездесулер кезінде мынадай мәселе туындады. Тұрғындар мен әкімдіктер қоятын сұрақтардың бірі. 2016 жылға 6 мамырдағы президенттің мораторий жариялау туралы жарлығына дейін өтініштердің негізінде шаруа қожалығына жер учаскесін бөлу туралы әкімдіктердің қаулысы шыққан. Бірақ содан кейін президенттің мораторий туралы жарлығы шықты. Әкімдіктің қаулысы бар, бірақ оны әрмен қарай ресімдеу тоқтап қалған.Түсініксіз жағдай қалыптасып отыр. Осы мәселе төңірегінде қандай шешім табуға болады?", — деп сұрады депутат үкімет басшысының орынбасары және ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтен. 

Министрдің айтуынша, бұл мәселені бүгін қаралып жатқан жер қатынастарын реттеу мәселелері туралы заңның аясында қарастыру керек. 

"Жер учаскелерін бөлу туралы әкімдіктер қаулы шығарғанымен, мораторий жарияланғаннан кейін бұл процестер тоқтап тұр. Енді мына заң шыққаннан кейін, осы заңның шеңберінде барлық мәселе қаралуы керек деп ойлаймын. Әр ауданда комиссия құрып, ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөнінде тізім жасалып, комиссияда ашық, жариялы түрде тәртіп бойынша қаралуы керек деп ойлаймын. Бұл саяси тұрғыдан өте сезімтал мәселе. Сондықтан осы заңның шеңберінде жұмыс істеу керек", — деді Шөкеев. 

"Рас айтасыз, бұл өте нәзік мәселе, сондықтан мұқият қарау керек", — деп оның сөзіне қолдау білдірді сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетсек, кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы жер дауынан кейін әзірленген болатын. Құжат жер саласында туындаған мәселелерді қарау жөнінде құрылған жер комиссияның жұмысының қорытындысы бойынша және осы саланы жүйелендіруге қатысты министрліктің дайындаған ұсыныстары негізінде дайындалды.

Дереккөз: sputniknews.kz

19 сәуір 2018, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.