№13 «Шамшырақ» балабақшасының кешені бұзылатын болды. Біздің газетіміз «АтырауБалық» АҚ-ның ведомстволық мектепке дейінгі мекемесінің мүшкіл халі туралы әлденеше рет жазған еді. Жайық жанындағы ағаштар арасында орналасқан осы жайлы бақшаға бір кездері 280 бала баратын...
2010 жылы «Шамшырақта» инженерлік желілерге қатысты проблемалар басталды, ал оларды жөндеуге экономикалық құрдымға кеткен балық комбинатының қаражаты болмады. Кәсіпорын ғимараттың бір бөлігін пайдаланудан бас тартуға мәжбүр болды, тиісінше, топтар саны да азайып кетті - соңғы жылдары балабақшаға 140 бала барып жүрді. Бірақ қалған топтар орналасқан қанатта үнемі жылу мен кәріз жүйесіне қатысты қиындықтар туындайтын.
2011 жылдың көктемінде балабақшаны қаржылық себептер бойынша жабуға тура келді. «Атырау Балық» басшылығы жергілікті билікке іргелес жер учаскесімен ғимаратты қаланың коммуналдық меншігіне қайтарымсыз беру туралы ұсыныс жасады. Сол кезде Атыраудағы балабақшаларға сұраныстың жоғары болғанын ескерсек, бұл жақсы ұсыныс болатын. Сөйтіп, қала «Шамшырақты» өз балансына қабылдады. Сол кездегі Атырау әкімінің орынбасары Айжан ҚАРАБАЛИНАНЫҢ айтуынша, ғимаратты және іргелес аумақтарды қалпына келтіру жөніндегі жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталған. Балабақша қызметкерлері ақысыз демалыс алып, ата-аналар бірнеше айдан кейін «Шамшыраққа» оралуға үміттеніп, балаларын басқа балабақшаларға ауыстыруға асықпады. Бірақ үміттері ақталмады.
Тағы бірнеше жыл өтті. Осы уақыт ішінде тасып әкетуге келетін заттардың бәрі талан-таражға түсті: аумақтардан құбырлар, терезе жақтаулары, баспалдақ таяныштары, едендер мен шиферлер фургондап тасылды. Ойын алаңдарын қурайлар басты, суарылмаған ағаштар қурап қалды. Бос орынжайды бомждар мен нашақорлар паналап, тұтанған өртті сөндіру үшін өрт сөндірушілер осында жиі келетін. Жергілікті тұрғындар бұл тәртіпсіздікті билікке жеткізгенмен, одан ештеңе өзгермеді.
Жақында қалалық әкімдікке «Шамшырақтың» болашақ тағдырына қатысты «АЖ» жолдаған сауал бұл мәселеге түрткі болғандай көрінді. Атырау әкімінің орынбасары Полымбет ХАСАНОВ хабарлағандай, редакция сауалынан кейін «Ақтөбе Құрылыс Инжиниринг» ЖШС мамандары техникалық тексеру жүргізген. Сарапшылардың қорытындысы көңіл жұбатарлық емес: ғимарат пайдалануға жарамсыз. Енді әкім орынбасарының айтуынша, оны бұзу туралы шешім қабылданған, ал босаған 6000 шаршы метрдей аумаққа балабақша салынады. Құрылыстың басталу мерзімі айтылмады.
... Таң қаларлығы, 7 жыл бұрын мектепке дейінгі мекеменің қалыпты жұмыс жасауы үшін жылу және кәріз құбырларын ауыстыру ғана қажет болған еді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор
«АЖ» анықтамасы:
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, бүгінгі күні Атырауда мектепке дейінгі мекемелерде 13 мыңға жуық бала кезекте тұр. Сұранысты қанағаттандыру үшін кемінде 40 балабақша ашу қажет.