Атырау, 19 мамыр 21:30
 ашықВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

​ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Telegram-ның бұғатталуына мүдделі емес

2 118 просмотра


ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Telegram желісінің бұғатталатыны туралы сыбыстарға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

«Ең бірінші кезекте, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі сот шешімін орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Осыған байланысты Telegram желісіне де тиісті хабарландыру жіберілді. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз Қазақстандағы танымалдыққа ие мұндай мессенджердің бұғатталуына мүдделі емеспіз», - деді Дәурен Абаев Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып. 

Еске сала кетсек, бұдан бұрын да министр Telegram желісінің бұғатталу ықтималдылығына қатысты пікір білдірген болатын.

«Бұғаттау - бұл құқыққа қарсы контенттің таратылуымен күрес жүргізуде мемлекеттің ең соңғы шарасы екенін түсіну керек. Дегенмен, ол мессенджердің әкімшілігі біздің ескертуімізді елемеген жағдайда ғана іске асырылады. Онымен бір мезгілде, Telegram әкімшілігінің тарапы біздің талаптарға түсіністікпен қарап, жекелеген парақшаларды жойып жатқанын қазірдің өзінде көріп отырмыз. Сондықтан, мессенджерді бұғаттау туралы БАҚ-тағы шулы ақпараттар шындықтан алыстау», - деген еді Дәурен Абаев «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне. 

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Павлодар қаласының тұрғыны министрліктің блогына шағымын жолдап, өзінің Telegram-каналын Қазақстанда экстремистік ұйым ретінде танылған - Қазақстанның демократиялық таңдауы тобына рұқсатсыз қосқанын айтқан болатын.

Дереккөз: inform.kz

10 сәуір 2018, 15:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.