Мұнайлы астанадағы қоғамдық көліктің жалпы көрінісі кейіпсіз екені белгілі. Ал жақында қалалық маршруттарда пайдаланылған алматылық автобустар пайда болды. Осыған қатысты сұрақтарға Атыраудағы маршруттардың көпшілігіне қызмет көрсететін «АйсТрансХолдинг» ЖШС директоры Берік ЖЕТПІСБАЕВ жауап береді.
- Қалаға Алматының ескі автобустары неге керек?
- Иә, біз көлік тапшылығы проблемасын шешу үшін 20 данасын сатып алдық. Енді не істейік? Қалалық билік жолаушыларға арналған жеңілдіктерді субсидияламайды. Сондықтан біздің кәсіпорын құрылтайшысы 100 миллион теңге тартты – 50 миллионы осы автобустарға және 50 миллионы қарыздарды жабуға. Иә, автобустар жаңа емес, 8-10 жыл қолданылған. Бірақ, олар әлі мықты, оларды жөндеу жеңіл. Ал былайша, көлік те сатып алдық, қарызымыздың бір бөлігін де жаптық. Рас, жанармай бойынша әлі 39 миллион, қосалқы бөлшектер бойынша 16 миллион қарызымыз бар.
- Неліктен қарыз жиналып отыр?
- Өйткені, бұл жоспарлы-шығынды шаруашылық. Мамандардың есептеуінше, №14 маршрут бойынша бір жолаушыны тасымалдаудың өзіндік құны 141 теңге, №12 – 186 теңге, №2 – 194 теңге. Бізде жол ақысы 80 теңге. Бірақ, мектеп оқушылары мен басқа жеңілдік санатындағылар есебімен орташа алғанда бір жолаушыға 50 теңгеден аламыз. Кәсіпорын шығында болмас үшін мемлекет субсидия бөлуге тиіс. Қазір жергілікті билік, ақыры, осы мәселеге шындап кірісті. Әңгіме атыраулық тасымалдаушыларға бір жарым миллиард теңге сомада демеуқаржы бөлу туралы болып отыр.
- Егер ақша алсаңыздар, оны қайда жұмсайсыздар? Автобус паркі жаңартыла ма?
- Қазір Семей автобус зауытынан 200 жаңа: қозғалысы көп маршруттарға қызмет көрсету үшін сыйымдылығы үлкен 40 және орташа сыйымдылықтағы 60 автобусты сатып алу туралы мәселе қаралуда. Алдын ала 20% төлем – біздің кәсіпорын қаржысы, қалғаны – жылдық 7% жеңілдік мөлшерлемесімен 5-7 жылға «Даму» қорының есебінен. Егер қаладан демеуқаржы алсақ, жаңа автобустар құнының бір бөлігін төлеп тастаймыз. Сәуірдің аяғына дейін осы мәселе шешіледі деп ойлаймын, сол кезде бірінші 20 дана жеткізілім тамызда әкелінсе, жыл аяғына дейін қалған 180-і келеді. Бірақ әзірге мұның бәрі шешу кезеңінде тұрғанын атап өтемін.
- Бүгінде сіздерде қанша автобус бар?
- 90, оның 55-і жүріп тұр, қалғаны жөндеуде.
- Кейбір маршруттарда ұмыт бола бастаған ескірген ПАЗ-дар, Газельдер пайда болыпты. Бұл да сіздердің көліктеріңіз бе?
- Бізде 15 маршрут бар екенін, бүгінде өз күшімізбен осы трафиктің бәрін қамти алмайтынымызды, көліктері бар жеке кәсіпкерлерді тартуға тура келетінін түсіну керек. Иә, жолаушылар тасымалының нормалары бойынша көлік құралы, мәселен, екі есікті болуы тиіс. Бірақ біз қазір қолжетімді нәрсені жұмылдыруға тура келетін жағдайдамыз.
- Сіздің автобустарыңыз экологияға және қала тұрғындарының денсаулығына зиян келтіріп, қатты түтіндейді.
- Бұл жерде тағы да қаржының тапшылығы әсер етіп отыр. Арзан, сапасы төмен отынды пайдалануға тура келеді.
- Сіздің кәсіпорын Атырауда көп жылдан бері жұмыс жасайды. Осы уақыт бойына сіздің басшылығыңыз кәсіпорынның шығынды екеніне шағымданып келеді. Сонда сіздің бизнесіңіздің мәні неде?
- Егер мен туралы айтсақ, мен жалдамалы қызметкермін. Ал құрылтайшы – Атырауда дүниеге келген адам. Қаншалықты тосын естілсе де, ол өз туған қаласына жаны ашиды. Жолаушылар тасымалын жоғары деңгейге көтергісі келеді.
P.S. «АЖ»-ға сенімді ақпарат көздерінен белгілі болғандай, жақында еліміздің оңтүстігінен келген кәсіпкер Атырау әкімінің қабылдауында болды. Ол өз есебінен біздің маршруттарымызды газ-метан жабдықтармен, GPS-навигациялармен, электронды жол жүру ақысын төлеу жүйесімен және салондары бейне бақылау жүйесімен жарақталған жаңа автобустармен қамтуға, сондай-ақ, газ-метан құю автобекеттерін салуға әзір екен. Жергілікті билікті бұл ұсыныс қызықтырмапты-мыс.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор
Бейнежазбаны түсірген: Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ