
Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы, генерал-майор Владимир Беккер республика өңірлеріндегі су тасқыны қаупі туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алдын ала болжамдарға сәйкес, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендер арнасынан тасуы мүмкін. «Қазгидромет» РММ болжауынша, аталған өңірлерде 8-11 сәуір аралығында жауын-шашын нормадан тыс жауады деп күтілуде. Бұл да жағдайды қиындата түседі», - деді В. Беккер ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде өткен елдегі су тасқыны жағдайы туралы брифингте.
Комитет төрағасы қауіптің алдын алу үшін құтқарушылардың қажетті шараларды жүргізгенін атап өтті.
«Көрсетілген облыстың әкімдіктері өткен жылы су тасқынының алдын алу мен салдарын жою бойынша республикалық жол карасы аясында 43 шара жүргізген еді. Қарағанды облысының Бұқар жырау, Шет, Нұра, Қарқаралы аудандарында жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 55 шақырым болатын бөгеттер мен үйінді топырақтар тұрғызылды. Бұл арқылы жыл сайын су басатын 12 елдімекендегі қауіп сейілді», - деді ол.
Айта кетейік, республикадағы құтқарушыларды қосымша құрал-жабдықтармен жасақтау үшін Үкімет резервінен 4,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.
Дереккөз: inform.kz
В Атырау 0