Кәсіпкерлер өз декларацияларында кірістерін бір жарым еседен артық мөлшерде кем көрсетіп жазады. Мұны салық қызметкерлері хронометражды тексеру барысында анықтады.
ҚР қаржы министрлігі салық комитетінің тапсырмасы бойынша барлық облыста мейрамханалар мен брендтік бутиктерге кәсіпкерлер ұсынатын кірістің дұрыстығын анықтауға мүмкіндік беретін хронометражды тексеру жүргізілді. Атырауда 11 мейрамхана мен 7 бутик тексеруден өтті. «Тергеу нәтижесі 11 мейрамханадан түскен орташа түсім 1 күн ішінде 3 млн. 913 мың теңге құрағанын көрсетті. Ал сол орындар қожайындарының декларациясы бойынша, олар күніне 1 млн. 466 мың теңге түсіреді екен. Яғни, олар өз түсімдерін 2 млн. 447 мың теңгеге азайтып көрсеткен. Бутиктер бойынша олардың орташа тәуліктік түсімі 845 мың теңге құраған. Ал олар берген мәліметтерде 283 мың теңге деп берілген. Айырмашылық - 562 мың теңге», - дейді Атырау облыстық салық департаменті бастығының орынбасары Айгүл РЗАҒҰЛОВА. Хронометражды тексеру ресми мәртебеге ие емес. Салық қызметкерлері кәсіпкерлерге санкциялар қолданбаған. Оларға алдағы уақытта декларацияда соманы тексеру кезінде анықталған сомадан кем көрсетпеуге кеңес берілді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА