Атырау, 26 қараша 09:23
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Көлік ішіндегі робот

Бейнежазба
4 295 просмотра


Үш бірдей орта және жоғары білім дипломының иесі 38 жастағы Шынар ЖАЛХАНОВА жеті жылдан бері такси қызметінде жүр. Біз онымен көлігіне жолаушы ретінде мінген кезде таныстық.

Шынар компаниялардың бірінде сату жөніндегі менеджері болып қызмет атқарып жүріп, жұмыстан шығып қалғанан кейін амалсыз көлігімен кісі тасуға шыққанын айтады. Оның қолында кеден ісі, мұнай-газ саласы және заңгер мамандығы бойынша үш дипломы бар. Бірақ олардың ешқайсысының да пайдасын көрмепті.

- Әрине, бастапқыда ыңғайсызданып жүрдім,- дейді Шынар. - Кейін тек түнде шығатын болдым. Бұл мен үшін ыңғайлы: күндіз үйдің шаруасы бар, қызымды қараймын.

- Жолаушы ер адамдар сұрақпен жиі мазалайтын шығар?

- Әйел жүргізуші болғаннан кейін ба деймін, жеке басыма қатысты сұрақтарды көп қояды: «Неше балаңыз бар? Жолдасыңыз бар ма?» - оларға бәрі қызық. «Жолдасым бар» десем де сенбейтіндері бар (күлді). «Мен әйелімді бұндай жұмысқа жібермес едім»-дейтіндері болады. Ондай кезде не қарсы сұрақ қоя алмай, не өзімді де қорғай алмай қаламын. Тұтынушым болғаннан кейін, тек үнсіз жеңуге тырысамын...

- Түнде жұмыс жасаған қауіпті емес пе?

- Сондай қауіпті деп айтпас едім. Алайда оқиғалар болып тұрады. Өткен жылдың жаз айы болатын. Такси қызметі арқылы тапсырыс қабылдап, үш жігітті айтылған мекенжайға жеткізіп салдым. Олар түсіп кеткесін, берген жолақыны әмияныма салайын дегенде әмиянды таппай қойдым. Сол кезде барып, оны жанымдағы орындықта қалдырғаным есіме түсті. Ішінде құжаттарым, дос қызыма беруге алып шыққан 40 мың теңге қарызым бар болатын. Дереу әлгі жігіттердің нөміріне хабарластым, алмағандарын айтты. Полицияға арыз түсіргеніммен, одан ештеңе шықпады.

- Дегенмен, үш дипломның біреуін пайдаға асырып, жұмыс жасағыңыз келмей ме?

- Кейде өзімді осы көлікпен бірге қатып қалған робот сияқты сезінемін. Соған қарағанда, өмірдегі өз орнымда әлі таппадым ба деген ой келеді. Егер мамандығым бойынша жақсы бір жұмыстың реті шығып жатса, өзімді байқап көрер едім...


Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА 

Фото және видеоны түсірген автор

25 наурыз 2018, 13:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.