Атырау, 30 желтоқсан 22:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Темірлан - ең жас чемпион

4 085 просмотра
Рашид Мусин

- Рашид Әмірғалиұлы, біздің палуанымыздың осы жетістігі сіз үшін күтпеген жайт болды ма?

- Темірланды көптен бері білемін, оның қарсыластары өте мықты болғанымен, мен үшін бұл жетістік заңды құбылыс дер едім. Айта кету керек, Темірлан олардан бір-екі жас кіші, бар болғаны 18 жаста. Оның бір деммен чемпионат дистанциясынан қаншалықты сенімді өткенін, финалда өзінің қарсыласы - ҚР спорт шеберін қалай тықсырғанын көрсеңіз. Айқас біткеннен кейін Темірлан көрермендердің құттықтауларын қабылдап, залды айнала жүгірді. Ал оның қарсыласын жаттықтырушылар алып кетті.

Темірлан бұл жеңіске ұзақ еңбекпен келді, табандылықпен жаттықты. Мен үшін ең бастысы, оның өте тез жетіліп жатқаны. Бұған дейін ол жасөспірімдер арасында бірнеше дүркін ел чемпионатының жүлдегері болды, бірақ, күресу барысында әрқашан қателіктер жіберіп алатын. Бір жерде әдіс қолдануға асықса, бір жерде қарсыласын дұрыс бағаламай қоятын. Алайда, бұдан сабақ ала білді. Ол үшін қазіргі жетістік өте маңызды, ол алдағы талай  жарыстарда өз күшіне сенімділік береді және мен оның басты жеңістері әлі алда екеніне сенімдімін.


(Суретте: сол жақта - грек-рим күресінен ҚР жастар құрамасының бас бапкері Серік Жұмашев, ортада - Темірлан Еспенбет, оң жақта - ЖСШМ бапкері Ербол Әділбаев).

Оның адами қасиеттерін де жеке айтқан жөн. Темірлан - өмірге құштар, пейілі кең, көпшіл жан. Балалар үйінің тобын бөлек жаттықтырғаным әлі есімде. Арасында қала балаларынан тек Темірлан бар болатын. Ал балалар үйінің балалары ерекше, олардың арасында қиянатшыл немесе өзімшіл адам жүре алмайды. Олар ағайындылар секілді өмір сүруге үйренген. Темірлан да оларға бауыр болып кетті, оларды үйіне алып кететін, ата-анасы да жылы қарсы алатын. Сол жаттығулар кезінен бері келе жатқан жақын достары - Игорь Филюшин (ол жарақат салдарынан Семейдегі чемпионатқа қатыспады, есесіне сол жерде кілем арбитрі болды) және спорт шебері Артем Карепанов.

Қазір қалалық білім беру бөлімінің жанындағы «Барыс» балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубының директоры болып жұмыс істеймін. Әрине, енді Темірланмен жиындарға баруға мүмкіндігім жоқ, бірақ, менің шәкірттерім Ербол Әділбаев пен Болат Әбуталиев көмектеседі. Темірлан оларда Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тобында жаттығып жүр. Осы үшін оларға өте ризамын. Олар әрдайым оның жанынан табылады, маған ақпарат беріп отырады. Осылайша, бірлесе Азияның тағы бір чемпионын дайындаймыз деп үміттенемін.

- 2016 жылы құрылған «Барыс» балалар мен жасөспірімдер клубының (БЖК) жұмысы туралы айтып берсеңіз.

- Біздің жұмысымыздың басты артықшылығы - бұқаралық сипатта болуы және мектептердің спорт залдарында балалар үшін сабақтардың тегін өткізілетіндігі. Біз Атыраудағы 57 мектепті қамтимыз, онда спортшылар жалпы алғанда 20 спорт түрімен айналысады. Айта кету керек, біздің клубтың орта мектептерде жұмыс істейтін дене шынықтыру мұғалімдері өте пайдалы және қажетті жұмыс атқаруда. Барлық оқушылар олардың көз алдында, яғни, спортқа дарынды ұл немесе қыз олардың назарынан тыс қалмайды. Екіншіден, балаларға олардың денсаулығына жақсы әсер ететін жаттығулар жүктемесі беріледі. Сонымен қатар, бюджеттен ғимараттар мен спорт залдарын салуға шығын жұмсалмайды, оларды мектептер ұсынады. Бұл, әсіресе, спорт мектептерін біріктіру және спорт ғимараттарын сату мәселесін көтерген кезде өте маңызды болып отыр. Балалар мен денсаулыққа ақша үнемдеуге болмайды. Спорт мектептерін жапса, ауруханалар салуға тура келеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

22 наурыз 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.