Атырау, 20 сәуір 15:45
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Алматы облысында әскерге барған жігіт өлім аузында жатыр

2 453 просмотра


Алматы облысындағы 7552 әскери бөлімінің сарбазы түн ішінде оққа ұшқан. Атылған 5 оқтың үшеуі 21 жастағы Ертуған Омархановтың басына тиіпті. Қазір ол комада. 

Ертуған Омарханов әскер қатарына өзі сұранып келкен. Шығыс Қазақстан облысының тумасы Заречный кентіндегі бөлімге қарашада қабылданыпты. Ал, мұндағы сарбаздар кезек-кезекпен жақын жердегі түрмені күзетеді. 

2 күн бұрын ол өз бекетін тапсырар кезде оққа ұшқан. Түнгі сағат 1 шамасында болған оқыс жағдайдың мән-жайын қайғыдан қан жұтқан ата-ана әлі де түсіне алар емес. 

Ержан Ахметов, Е.Омархановтың әкесі: 

- Ұлым әскерге келіп, 3 айдан кейін мына жағдай болып жатыр.  Білмеймін не болғанын, түсініксіз. Оқ басына, жақтан кіріп бастан шыққан ғой. Оқтың Ертуғанның қолындағы Калашников автоматынан атылғаны белгілі. Оның үшеуі сарбазға дәл тиген. Сондықтан, дәрігерлер дереу ота жасапты. Соған қарамастан, жігіттің жағдайы тым ауыр. 

Қайрат Иманғалиев, Қапшағай қалалық ауруханасы директорының орынбасары: 

- Жағдайы өте ауыр. Қазір комада жатыр. Біз қажетті ем-домды жасаудамыз. Науқас арнайы аппаратта жатыр.

Әскери бөлімдегі камераға сарбаздың автоматты оқтап жатқаны түсіпті. Ал, атылған тұсы еш жерде жоқ. Сол кезде қасында бірнеше қаруласы болғанымен, олар да мардымды ештеңе айтпапты. Сондықтан, қазір жұмбақ жағдайдың болжамдары ғана айтылуда. Жақындары болса Ертуғанға әскерде қысым көрсетілген деп ойлайды. Сөйтіп, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген болуы мүмкін. Өйткені, бұған дейін анасына қоңырау шалғанда, қиналып жүргенін жеткізіпті. 

Тілеуғазы Аюпов, Е.Омархановтың ағасы: 

- Шешесімен сөйлескен кезде айтыпты, қиналып кеттім, шаршап кеттім, шыдай алмаймын деп. Басшыларының біреуі айтады екен, күзетке шыға алмасаң, отыр шешеңнің юбкасының астында, болмаса бар өліп қал деп. Келісім-шартпен жүрген жігіттер де қысым көрсеткен сияқты.  

Ал, әскери бөлімдегілер өздеріне шаң жуытпады. Мұнда сарбаздарға «әй» деп те дауыс көтерілмейді деп отыр. Сондықтан, жас жігіт оқты өз-өзіне абайсызда атып алған деп топшылайды.

Бағлан Қалдыбек, 7552 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік құқықтар бөлімшесінің бастығы: 

- Біздің болжам  қаруды дұрыстап ұстап ережелерін сақтамаған деген күдікпен тергеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әлімжеттік және де басқа бірін-бірін ынталау ондай фактілері тіркелген жоқ. Хәл үстінде жатқан науқасты қазір басқа ауруханаға ауыстыру мүмкін емес. Сондықтан, әскерилер де, ата-анасы да күні-түні осында жүр. Бәрі  де Ертуған Омархановтың есін жиюын тілейді.  

- Мына қақпаның ар жағында болған қайғылы жағдайдың нақты себебін анықтауға әскери тергеушілер кіріскен. Ал, жарақат алған сарбаздың жақындары прокуратураға шағым түсірді. Мақсаттары  Отан алдындағы борышын өтеуге келген жігіттің оққа ұшуына кінәлілерді тиісті жазаға тартқызу.

Дереккөз: ktk.kz

16 наурыз 2018, 09:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.