«АЖ» газетінің өткен нөмірінде біз мұсылман зираттарын қорлаған жеті күдіктінің ұсталғандығын хабарлаған болатынбыз. Олардың барлығы да дәстүрлі емес исламдық бағытты қолдаушылар болып табылды.
Арнайы өткен баспасөз конференциясындаАтырау облысы ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы Амандық МҰҚАШЕВ кейбір мәліметтерге қатысты жан-жақты тоқталып өтті. Тәртіп сақшылары күдіктілердің ізіне «келіп түскен жедел ақпарат» арқылы барлаған. Оларды тұтқындау 26 қаңтар күні таңертеңнен басталды, түске қарай олардың жетеуін де Атырау қаласы ІІБ-ның уақытша ұстау изоляторына орналастырды. Ұсталғандардың барлығы да жақсы отбасынан шыққандар. Олардың біреуі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетінің 2-ші курс студенті. Ұсталғандардан зіл балға, сүймен және өздері қолғалысқа пайдаланған автокөліктері тәркіленді. Өз кінәларын мойындаған жауаптары алынды. Олардың жетеуі де дәстүрлі емес ислам ағымдарын қолдаушылар болып табылады. Қандай ағым екендігін сараптамашылар тінту барысында тәркіленген діни әдебиеттер арқылы анықтайтын болады.
Жігіттердің ата-аналарының төбелерінен жай түскендей күйде. Балаларына бес жыл бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Айтпақшы, ұсталғандар тек Элеватор ауданындағы зиратты бүлдіргендерін ғана мойындап отыр. Онда олар екі-үш түн қатарынан барған болып шықты. Орталық зиратты қорлағандардың кім екендігі әзірге белгісіз. Сондықтан да тағы бір топтың бар екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Кейін ІІД баспасөз конференциясында хабарлағандай, сот барлық ұсталғандарды қамауға санкция берді. Уақытша ұстау изоляторынан олар тергеу изоляторына әкелінді.
Лев ГУЗИКОВ