Атырау, 29 наурыз 09:58
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

​Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путин туралы: Ол - сөзінде берік тұратын жан

4 128 просмотра


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Бірінші арнаға" берген сұхбатында Ресей басшысы Владимир Путин туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Мемлекет басшыларының арасындағы қарым-қатынас өте маңызды. Көшбасшылар арасындағы сенім мемлекеттер арасындағы сенімге жетелейді. Владимир Владимирович Путин 2000 жылы президент атанды және алғашқы күннен-ақ орнаған жақсы қарым-қатынастың бүгінде нағыз достыққа ұласқанын жасырмаймын. Мен оның адами қасиеттері жайлы айтқым келеді. Мұны басқалардан жақсырақ білемін деп есептеймін. Ол - сөзінде берік тұратын жан. Никколо Макиавелли өзінің "Билеуші" кітабында билеушінің өзінің немесе мемлекеттің мүддесі үшін өз сөзін қайтып алуға құқығы бар екені жазылған. Путин ондай емес. Ол әрбір сөзін ойланып айтады және орындау тиімсіз болып қалған жағдайда да, берген сөзінен ешқашан тайған емес. Мұндай адаммен жұмыс істеуге болады, мұндай адамды құрметтеуге болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Ол Владимир Путиннің Ресей үшін қиын кезеңде президент болып сайланғанын атап өтті. 

«Ресейдегі әр өңірдің өз бетімен жұмыс істеп, орталық биліктің әлсіреген сәтін еске алайық. Біз Ресеймен көршіміз, өңірлердің салық төлеуді қойғанын көрдік, әрқайсысы қызмет ақысын өздері тағайындап, еркінсіді. Кавказда соғыс жүріп жатты, халықаралық жағдай да, ішкі экономика да нашар жағдайда еді. Қандай күрделі жағдай болса да ол (В. Путин - ред.) осының бәрін жөнге келтірді", - деді Н. Назарбаев. 

Сонымен бірге, ҚР Президенті Ресейдің әлемдік аренадағы орны айрықша екенін баса айтты. "Ресейді ешкім көзге ілмеді, маңызды әлемдік мәселелерді шешуге жібермеді. Ресейді ысырып тастау мүмкін емес. Ресей - әлемдік саясаттағы маңызды фактор болып саналатын алып ядролық-зымырандық ел. Путин Ресейді тиісті деңгейге көтерді. Сирия үкіметінің өтінішімен бұл шиеленіске қатысу туралы шешім қабылдаудың өзі батылдық. Іс жүзінде Ресей сол елде болған экстремизм, терроризм сынды әлемдік зұлымдықтарды жоюға атсалысты", - деп өз сөзін толықтырды ҚР Президенті. 

Ол ауқымды қауіп-қатерлердің болғанын және сондай қадамды жасау қажет болғанын атап өтті. "Соның нәтижесінде бұл шешім табысты болды. Міне, Путин дегеніңіз осындай адам", - деп өз сөзін түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дереккөз: inform.kz

12 наурыз 2018, 09:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.