ТУРНИР
Өңірлік дене шынықтыру орталығының қолдауымен волейбол мен гандбол бойынша Мектеп лигасының облыстық турнирі өтті.
Волейболда Махамбет ауданының командасы басым түсті, 2-орынды Ф. Оңғарсынова атындағы мектеп (Атырау), 3-орынды Исатай ауданының командасы иеленді. Гандболда орындар былай бөлінді: 1. Құрманғазы ауданы, 2. Исатай ауданы, 3. Жылыой ауданы.
***
ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА
Астраханда дәстүрлі түрде Атырау мұнай және газ университетінің профессоры Асқар Қазиев қатысқан 48-шы Бүкілресейлік Началов жеңілатлетикалық жарысы өтті.
Біздің желаяқ ардагер өз жас тобында 3-орын алды.
***
ҚОЛ КҮРЕСІ
«Балықшы» ДСК-де мүгедектер арасында қол күресінен облыстық чемпионат өтті. Бұл наурыз айында Талдықорған қаласында өтетін ҚР чемпионатына іріктеу сайысы болды.
Бергенбай Нұрхан (60 келіге дейін), Қалыбай Тұрдалиев (75 келіге дейін) және Нұрлыбек Исатаев (90 келіге дейін) чемпиондар атанды. Әйелдер арасында Жанар Жаскелеңова (60 келіге дейін) мен Биғайша Махаева (60 келіден жоғары) бірінші орын иеленді. Арбадағы мүгедектер арасында 1-орынды Руслан Айтбаев иеленді.
***
КАРАТЕ
Алматыда каратэ кекушинкай бойынша ҚР чемпионаты өтті.
Осы жекпе-жек түрінің облыстық федерациясының шәкірттері барлық жүлделерге ие болды: алтын алқа - Ерболат Қапаров (60 келіге дейін); күміс - Рустам Қуантыров (60 келіге дейін) және Ерсайын Идеятов (70 келіге дейін); қола - Аманат Еділбаев (65 келіге дейін) және Кристина Телятова (16-17 жас, 55 келіге дейін).
***
КҮРЕС
Бішкекте грек-рим күресінен Азия чемпионаты өтті.
77 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша Атыраудың намысын қорғаған кадеттер мен юниорлар арасындағы Азия чемпионы, ересектер арасындағы Азия чемпионаттарының үш мәрте жүлдегері Мақсат Ережеповке бұл жерде қола алқа бұйырды. Спортшыны сайысқа Атырау облысы ЖСШМ аға жаттықтырушысы Ербол Әділбаев дайындады.
***
ВОЛЕЙБОЛ
Оралда 35 жастан асқан ардагерлер арасында отырып волейбол ойнаудан алғаш рет ел чемпионаты өткізілді. Атырау облысының құрама командасы чемпион атанды.
Осылай болады деп күтілген еді, өйткені, облыстық құраманың спортшылары - ұлттық құрама құрамында халықаралық аренадағы жетістіктерімен танымал болатын.
***
ҚАЗАҚ КҮРЕСІ
Атыраулық спортшылар қазақ күресі бойынша ҚР Кубогында жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Нұрболат Ізімғалиев (66 кг дейін) пен Наурызбек Майлашев (74 келіге дейін) алтын алқаға ие болды, Арман Қалиев (100 келіге дейін) пен Бекет Жүніс (55 келіге дейін) қола жүлдегер атанды. Командалық есепте Атырау облысының құрамасы Алматы мен Астанадан кейін 3-орын алды. Матчтық кездесулерде атыраулық палуандар төртінші орынға ие болды.
Нұрболат пен Наурызбек маусым айында Моңғолияда өтетін Азия чемпионатына және қыркүйекте Қырғызстанның Чолпан-Ата қаласында өтетін Көшпенділер ойындарына қатысу үшін Қазақстан құрамасына алынды. Спортшыларды А.Серғазиев, А.Қыздарбаев және А.Сағынғанов жаттықтырды.
***
МУАЙ-ТАЙ
Алматыда балалар арасында муай-тайдан ҚР чемпионатының екінші кезеңі өтті. Сайысқа 14-15 және 16-17 жас санаттарында 13 облыстан 200-ден астам спортшы қатысты.
Атыраудан «Қайсар» мен «Алан» (Доссор) спорт клубтарының шәкірттері қатысты. Чемпиондар мен финалистер: Гүлайым Таңатарова, Жомарт Тынышқалиев, Дамир Әліп, Мұхаммедәлі Мақсот, Әли Мұратов, Аида Хайруллина. Турнир қорытындысы бойынша жазда Таиландта өтетін Әлем чемпионатына қатысу үшін ҚР құрамасына үміткерлер анықталды.
***
ДЖИУ-ДЖИТСУ
БАӘ астанасы Әбу-Даби қаласында Әлем Кубогы өтті.
Бұған облыстық Джиу-джитсу федерациясының шәкірті Жеңіс Нұрлыбаев қатысып, қола алқа жеңіп алды.
Дайындаған Мұрат Сұлтанғалиев