Атырау, 20 сәуір 10:07
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​ҰҚК: Сирия мен Ирактан елге оралған содырлардың 57-сі сотталды

1 312 просмотра


Сирия мен Ирактан елге 125 азамат қайта оралып, олардың 57-сі сотталды. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін үкімет отырысында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның қорытындысы, сондай-ақ алдағы бес жылға арналған бағдарламаның жобасы талқыланды. 

"Әлемдегі ахуал ұдайы өзгерістерге ұшырауда. Өздеріңіз білетіндей, халықаралық террористік ұйымдар Сирия мен Иракта жеңіліс тапты. Сондықтан ондағы содырлар отбасыларымен басқа жерлерге, соның ішінде өз елдеріне қоныс аударуда. Мысалы, қазіргі уақытта Қазақстанға 125 азамат қайта оралып, олардың 57-сі сотталды. Қалғандары бақылауда", — деп баяндады Білісбеков. 

Оның айтуынша, елге оралған азаматтар радикалдық көзқарасты ұстанған. Ішінде 45 бала да бар екен. 

"Олармен профилактика мен бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Экстремизм мен терроризмді насихаттау қарқыны қазақстандық қоғамда радикалдануға себепші болатындай жоғары деңгейде сақталуда. Сондықтан осы және басқа да факторлар терроризм мен діни экстремизмге қарсы мемлекеттік күрес жүйесін дамыту қажеттігін көрсетіп отыр", — деді комитет төрағасының орынбасары. 

Жалпы,  соңғы бес жылда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бағдарламасы бойынша 98 миллиард теңге игерілген. 

"Қуатты құрылымдардың өзара іс-қимылы, құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық әлеуеті нығайтылды. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен барлау қызметін жетілдіру 2013 жылдан бері 38 терактінің алдын алуға мүмкіндік берді. Бағдарламаны қорытындылай келе, терроризмге қарсы іс-қимыл нәтижесінде оң өзгерістерге қол жеткізгенімізді атап өту керек", — деді ол. 

Бұл жұмыстар, оның айтуынша, 2018-2022 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламада жалғасын табады.

Дереккөз: sputniknews.kz

6 наурыз 2018, 11:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.