
Тараздағы түрмеде отырған Қырғызстан азаматына қатысты мәліметті Жамбыл облысының прокуратурасы тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының сайтына сілтеме жасап.
«Жамбыл облысының прокуратурасы әлеуметтік желіде тараған Тараз қаласындағы 158/4 мекемесінде наразылық белгісі ретінде аштық жариялаған Қырғызстан азаматына қатысты мәліметті тексеруде», делінген хабарламада.
Қадағалау органының мәліметінше, 1981 жылғы Қырғызстан азаматы Эркинбек Тентимишев аса ірі көлемде есірткі контрабандасы үшін 2016 жылдың желтоқсан айында 15,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол ІІІ топтағы мүгедек. 2017 жылдың қазан айынан бастап денсаулығына байланысты мекеменің медициналық бөлімінде емделген. Мекеме әкімшілігі жағдайы жақсарған Э. Тентимишевті ақпан айында колонияға ауыстыру жөнінде шешімін шығарған. Алайда сотталушы шешімге қарсылық білдірген.
«Сотталушы облыс прокуратурасының қызметкерлерімен кездесуде мекеменің әкімшілігі тарапынан медициналық бөлімде оған одан әрі қалуға болмайтыны түсіндірілгенін және ол ешқандай наразылығы жоқ екенін айтқан. Прокуратура сотталғандар құқықтарының толық сақталуы бойынша түзеу мекемесі әкімшілігінің әрекеттеріне тексеру жүргізуді жалғастыруға және оған құқықтық баға беруге ниетті». - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Э.Тентимишовке құқық қорғау ұйымдары өкілдеріне жүгінуге мүмкіндік берілген. Айта кетерлігі, ол жазасын әрі қарай отанында өтеу үшін өтініш берген. Қазақстанның Бас прокуратурасы оның сұрауын қолдап, Қырғызстанға тиісті сауал жолдаған.
Алайда 2017 жылғы 21 маусымда Қырғызстан Республикасының Бас прокуратурасынан Э.С. Тентимишовке жасаған қылмысының қоғамдық қауіптілік деңгейінің жоғары, сондай-ақ мемлекет мүддесіне залал келтіреді деген себеппен, оны қабылдаудан бас тарту туралы жауап жіберген.
Дереккөз: inform.kz
В Атырау 0