Атырау облысының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті 2017 жылы кәсіпкерлік кодексі талаптарын сақтамаған нысандарға 43 жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 2,7 млн теңгеден астам 37 айыппұл салған. Бұл туралы брифингте департамент басшысының орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ (суретте) мәлімдеді.
- Өздеріңіз білесіздер, департамент әр кәсіпкерлік нысанды барып тексерер алдында ескертіп, хабарлама жібереді. Сондықтан тұтынушылардан өнімді сатып алмастан бұрын таңбалану тәртібіндегі өндіруші, сақталу мерзімі және басқа да деректерге мұқият мән беруін сұраймыз,- деді А. Жұмағалиев. - Егер өнімге күмән туғызатын сұрақтар туып жатса, дереу өнімнің сәйкестік декларациясы, ал ол ет немесе сүт өнімдері болса, ветеринарлық декларациясын талап етсін, болмаса денсаулық сақтау министрлігіне тіркелгендігі туралы куәлігін сұрауына толық құқылы. Егер сатушы немесе кәсіпкер тұтынушының сауалдарына жауап бермесе, қала және аудандардағы біздің филиал өкілдеріне хабарласып, шағым түсірсін.
«АЖ» сауалдары:
- Ата-аналар балаларының мектеп асханасынан сатып алған тағамдарының сапсыздығына шағымданып жатады. Сіздің департамент тарапынан қандай шаралар атқарылып жатыр?
- Бұл біздің жұмыстағы күрделі мәселелердің бірі. Бұрын мектеп асханаларын мектеп әкімшілігі ұйымдастырып, дұрыс тамақтану мәселесін өздері қадағалайтын болды. Қазіргі уақытта оларды кәсіпкерлер жалға алып отыр және олар жыл сайын ауысып отырады. Негізі, өндірістік бақылауды кәсіпкер алдымен өзі жасауы керек. Олар бұл жұмыстарды зертханалармен лабораториялық келісімшартқа отырып, ақша төлетіп жасатып отыр. Өздеріңіз түсінесіздер, ақшасын төлегеннен кейін зертхана да жалға алушымен бірге болып кетуі мүмкін.
- Қаламызда тез дайындалатын тағамдар сататын орындар көп. Оларда көбінесе шетел азаматтары қызмет етеді. Улану фактілері тіркелді ме?
- Еліміздегі заңнамаларға сай, эпидемиологиялық маңызы елеусіз нысандар біздің мекемеден санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алмастан кәсіпкерлік орынды ашуға құқылы. Мысалы, ол 20 орындық монша, 50 шаршы метрге жетпейтін тағам дайындайтын дүкен немесе 50 орыннан төмен асхана болсын, кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, тек ол жөнінде департаментке орын ашқандығы және талапқа сай екендігі туралы хабарлама беруі тиіс. Мысалы өткен жылы хабарлама жасамай кәсібін ашқан бір жағдай тіркелді. Жұқпалы аурулар ауруханасына науқастың тамақтан уланғаны туралы шұғыл хабарлама келіп түскесін, науқастан сұрау арқылы және прокуратураның келісімімен тексердік. Тексеру кезінде онда шетел азаматтарының санитарлық құжатсыз жұмыс істегендері де анықталды. Бұл бойынша іс сотқа жолданып, айыппұл салынды.
-Ресейде «Ясные зори» тауық етінен дайындалатын өнімді сатуға тыйым салынған. Ал біздің дүкендерде ол сатылып жатыр. Бізде оған шектеу қойылмаған ба? Жалпы, тауық және ет өнімдері дұрыс сақталмаса, тез бұзылады. Оларды қалай тексеріп жатырсыздар?
- Алдыңғы жылы облысымызда тауықтың етіне су айдау арқылы салмағын көбейткені туралы жағдай тіркелді. Егер Ресейде тыйым салынған тағам партиясы біздің елде болса, оған тыйым салынады, Ол үшін Ресейдің федералдық орган Комитетке хабарлама жасап, бізге нұсқама келеді және сол кезде ғана тексереміз. Әзірге бізге ондай нұсқама келіп түскен жоқ.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Сурет және видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ