Атырау, 5 қазан 11:03
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Мақаттағы жол азабы

3 868 просмотра

Атырау облысында жолдар қалыпқа келтіріле бастағанымен мұнайлы мақаттағылар жол азабын тартып отыр. Доссор‑Мақат тас жолының жарамсыз бола бастағанына ондаған жылдар өткен. Жол жайын айтқанда мақаттықтар жылап қоя береді. Себебі жайсыз жолдардан жолаушылардың ығыры шыққан еді.

‑Көп жылдық тарихы бар өңірде әлеуметтік жағдай тұралап қалған деуге болады. Соның ішінде осы кәдімгі жол да бар. Атыраудан Доссорға дейін тақтайдай жолмен зырлап келіп, Мақатқа бұрылғаннан көліктер аяғына жем түскен аттай қиқалақтап қалады. Әсіресе, бес‑алты шақырым жол тіптен жаман. Қайда қашарға білмейсің, күрделі жөндеуді өмірі бастан кешірмегеннен жолдардың сау-тамтығы жоқ. Жолдың машақатынан қаншама көліктер апатқа ұшырап жатыр? Бірақ бұл ешкімді ойлантып отырған жоқ,‑дейді мақаттықтар.

Осылайша мұң шаққан мақаттықтар лайсаң күндердегі қиындықтарды айтқанда тіптен жабырқайды. Жүргізушілер қара жолдан жол салып та алар ма еді, бірақ бұл жердің климаты тым жайсыз. Тұзды жерден өзінше жол сала алмағандықтан жүргізушілер амал жоқ асфальтпен жүруіне тура келеді. Ал жол жайы болса жоғардағы сөз еткендей. Жартысы облыстық, ал енді қалған бөлігі респуликалық маңызы бар жол болғандықтан бұған қаржы шығару жоғарыға байланысты. Жергілікті билік өздерінше кедір‑бұдырды тегістеу үшін топырақ төккен екен, онысы жол ортасында төмпешік болып үйіліп тұр.

‑Қар жауып кеткеннен кейін амал жоқ бұл жұмыс тоқтап қалды. Биыл Доссор‑Мақат арасындағы 30 км. жолдың облысқа тиесілі 7 шақырымын күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 860 млн. теңге бөлінбекші. Республикаға қарайтын тұстарын да жөндеуден өткізу үшін жоғарыға хат жазудамыз. Ал Мақаттың ішкі алты шақырым жолы да биыл жөнделмекші,‑дейді аудан әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

27 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.