Атырау, 25 қараша 23:50
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жылуды үнемдеу жолдары табылды

9 878 просмотра

Биылғы жылдан бастап Атырау қаласында энергия көздерін тиімді үнемдеу мақсатында жаңа автоматтандырылған жылыту пунктері іске қосылатын болады. Мұндай жағымды жаңалық еліміздің барлық аймақ орталықтарына да қатысты. Өйткені, осы жылы республика бойынша 144 автоматтандырылған жылыту пунктерін қондыру сынақтық жобалары іске асырылмақ.

Бұл былтыр қараша айында үкімет бекіткен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуға тиісті сынақтық жобалар. Осыған байланысты әр өңірде 9 автоматтандырылған жылыту пунктері болады. Дәл осындай 9 пункт Атыраудан да орын теппек және ол  қаладағы үш мектеп, үш аурухана және үш көппәтерлі тұрғын үйдің жертөлелерінде қондырылмақ. Алайда нақты мекенжайлары ақпанның 5-де анықталып болмақ. Аталмыш сынақтық жобаларға бюджеттен жалпы сомасы  450 млн. теңгедей қаржы бөлінген. Ал бір автоматты жылыту пункттерін қондыру - 3 миллион теңге шамасында тұрады.

Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс істері жөніндегі агенттіктің баспасөз хатшысы Айнұр ЖҰМАДІЛОВАНЫҢайтуынша, басты талап АЖП қондырылатын ғимараттар ескі болмауға тиісті. Оны орнату және монтаждау жұмыстары мамыр айында басталады. Ол барлық облыстарда да жылыту кезеңі басталмай тұрып аяқталатын болады. Сондай-ақ, А. Жұмаділова жаңа автоматты жылыту пункттерінің ерекшелігі – жылу беруді автоматты түрде реттеп, жылу деңгейін қадағалайды деп отыр. Осылайша біз таза тұтынған жылу үшін ғана ақы төлейтін болады екенбіз.

Әзірге «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығы» АҚ-ның мамандар тобы қаңтардың 10-ынан сәуірдің 2-іне дейін республиканың барлық қалаларының ғимараттарына энергоаудит жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның ішінде энергетикалық тексерулер Атырауда ақпанның 21-і мен наурыздың 12-сі аралығында жүргізілмек. 

Мектептер мен ауруханалардың және көппәтерлі тұрғын үйлердің энергетикалық төлқұжаттарын жасақтау жұмыстары бірінші Астана, Көкшетау, Шымкент және Жамбыл қалаларында басталды. Ақпан айында энергоаудит Павлодарда, Ақтауда, Алматыда және Қарағандыда өтеді. Кейін наурыз аяғында Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Талдықорған, Қостанай, Өскемен, Орал және Атыраудағы энергия шығынының деңгейін өлшейді. Сондай-ақ, Талдықорған, Тараз, Қызылорда және Қостанайда сәуірдің 15-інен қарашаның 1-не дейін жылу жүйелерінің техникалық жағдайларын бағалау жұмыстары жүргізіледі.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын құжаттандыру бағдарламасы шеңберінде 2010 жылы Қазақстанның 9 қаласында 150 ғимарат, сондай-ақ 55 км жылу жүйелері тексерілген. Мәселен, Астана және Алматы қалаларында энергия үнемдеу шараларын енгізу сынақтық жобалары көрсеткендей, АЖП қондырылған тұрғын үйлерде әр нысанның энергияны 25-30 пайызға дейін үнемдейтін әлеуеті бары анықталған.

Мәселен, Астанадағы Кенесары  көшесінің бойындағы 9 қабатты үйдің тұрғындары өткен жылыту маусымында 2009-2010 жылдары осы қондырғыны орнатқан соң  637 мың теңге үнемдеген (35 пайыз үнемдеу).  

2010 жылы Қазақстанда ғимараттарға алғаш рет жүргізілген энергоаудит еліміздегі тұрғын үй секторындағы жылу энергиясын тұтынуы батыс елдердегі көрсеткіштерден көп есе асып отырғанын көрсеткен.

Жылуды тұтынудың орташа үлесі бір шаршы метрге бұрын 240 кВт/сағ.-тың орнына 273 кВт/сағ.-ты көрсетіп отыр. Салыстыру үшін келтірсек, Швецияда бұл көрсеткіш - 82 кВт., Германияда - 120, Францияда - 126, Англияда – 130-ға тең екен.

Егер ұсынылып отырған мөлшерлердің жоғары тиімділігін дәлелдеу іске асса, онда 2012 жылдан бастап жергілікті атқару органдарына, әлеуметтік сала нысандарына автоматты жылыту пункттерін өз бетімен қондыру ұсынылатын болады.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ                                                                                                           

27 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.