Атырау, 19 мамыр 23:44
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

АҚШ-тың Amazon платформасында алғаш рет қазақ комикстері сатыла бастады

2 868 просмотра


Ермек батыр (Ermek the Batyr) туралы комикс қазақ мифі мен аңыздарының негізінде жасалған. Бұл — АҚШ-тың Amazon–ComiXology платформасында сатылып жатқан алғашқы қазақстандық комикс. Оның бағасы – 1,99 доллар, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі forbes.kz сайтына сілтеме жасап.

Комикске арналған материалды Tengri Сomics басылымы әзірледі. Аталған басылымды екі дос — Мадибек Мұсабеков пен Бекзат Мырзахметов құрған. Екеуі де 25 жаста әрі студент кезден бері дос. Мадибек — басылымның суретшісі, сценарисі. Бекзат — барлық қаржы мен өнімнің өтімділігі процесін реттейтін директор.

Мадибек бала күнінен Marvel кейіпкерлерінен кем түспейтін, бірақ қазақ фольклоры негізінде жасалған комикс салып шығуды армандаған. Бірнеше жыл бұрын ол Ермек атты батырды ойлап тапты. Бұл комикстердің жанры — тарихи фэнтези. Ол жерде шынайы оқиғалар мен қиял-ғажайып ертегілердің элементі бар. Комикс Қазақ хандығының құрылған уақыты — XV ғасырды қамтиды.

«Бұл — біздің тарихымыздағы маңызды кезең. Сол себепті менің комиксіме осы уақыт арқау болып отыр», — дейді Мадибек.

2016 жылдың соңында жігіттер Қазақстанда Marvel комикстерін басып шығаратын Salben Comics басылымының көмегіне жүгінеді. Екі кітап басылып шыққанымен, сатылым жұмсалған қаражатты өтемеді.

«Біз оқырмандар мен сыншылар тарапынан жақсы пікірлер ғана естідік. Бірақ көп комикс сатылмады. Қазақстанда комикстерден бұрын отандық көркем әдебиеттің жағдайы мәз емес. Жас авторларға ешкім қолдау көрсетпейді. Ірі басылымдар бірегей туындыларға ақша салуға қорқады. Негізінен мұндай басылымдар мемлекеттің қолдауымен шығатын оқулықтардың арқасында күн көріп отыр. Осы себепке байланысты бұл мәселені мемлекетімізден тыс жерде қарастыруды жөн көрдік», - дейді Бекзат.

Достар өздерінің стартаптарына 3,5 млн теңге салды. Бұл ақша негізінен құрылғы сатып алып, мәтінді ағылшын тіліне аударуға және оны шығаруға жұмсалды.

«Amazon талаптарын орындау аттестациясынан үш ай бойы өттік. 2018 жылы 24 қаңтарда «Ermek the Batyr» комиксі сатылымға шықты. Болашақта біздің комикстердің желісімен фильм түсірілсе екен деп армандаймыз. Қазір Голливудке тың идеялар жетіспей отыр. Яғни жаңа тарихи оқиғалар әрдайым қажет», - деп Бекзат алдағы жоспарларын бөлісті.

Дереккөз: baq.kz

31 қаңтар 2018, 09:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.