Атырау, 25 сәуір 01:20
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Спорт жаңалықтары

3 531 просмотра

ТАЕКВОНДО


Павлодарда юниорлар арасында таеквондодан (WTF) ел чемпионаты өтті. Атырау облысының құрамасында 11 спортшы қатысты.

Мерген Ғайниев пен Нұрай Хұсайнова чемпиондар атанды, Жадыра Хайруллина - күміс алқа, Виктор Рудыкин қола алқа алды. Мерген мен Нұрай ҚР спорт шебері нормативін орындап, сәуір айында Тунисте өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Ол жерде Жасөспірімдер олимпиадалық ойындарына соңғы лицензия ойналады.

***

КҮРЕС

Саратов облысының Энгельс қаласында грек-рим күресі бойынша екі дүркін олимпиада чемпионы И.С.Ярыгинді еске алуға арналған дәстүрлі Бүкілресейлік ашық турнир өтті. 

Атырау облысы құрамасының қоржынына үш қола алқа түсті: 48 кг дейін – Абылай Қапен, 51 кг дейін - Диас Ихсанов, 110 кг дейін - Әмірхан Болашақов. Жас палуандардың үшеуі де И.Тайманов атындағы мектепте (Жұмыскер п.) ашылған, бапкерлер Е. Әділбаев пен Б. Әбуталиев жетекшілік ететін секцияда күреспен айналысады.

***

ДОЙБЫ


Атырауда 50-ден жоғары жастағы ардагерлер арасында біріншілік өтті.

Жүлделі орын иегерлері (тиісінше, 1-ден 3-ке дейін): 60 жас және одан жоғары - Берік Молдаш, Базарбай Торғаев, Болат Сүлеғалиев; 50-60 жас (ерлер) - Нұрлан Есенқұлов, Бекжан Қабиев), Сәкен Ихсанов (Құрманғазы ауданы); (әйелдер) - Римма Салихова (Құрманғазы ауданы), Жұпар Сәрсекенова, Айгүл Жиенғалиева (Махамбет ауданы).

***

ШАХМАТ


Алматыда балалар мен жас
өспірімдер арасында шахматтан ҚР чемпионаты өтті. Жарыста «классика», «рапид» және «блиц» номинациялары бойынша барлық облыстан келген 731 зияткерлік ойын әуесқойлары бақ сынасты. Атыраудан 15 спортшы қатысып, оның екеуі 5 медальды қанжығаға байлады. 

№19 мектептің 2 сынып оқушысы Зарина Нұрғалиева «классика» және «рапид» бойынша үшінші орынды, 8 жасқа дейінгі қыздар арасында «блиц» бойынша екінші орынды иеленді. 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында №17 мектептің 4 сынып оқушысы Аят Абдуллаев «рапид» бойынша екінші және «блиц» бойынша үшінші орынды місе тұтты. Оларды халықаралық шебер Жәнібек Аманов жаттықтырады.

Облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Ғайсин  спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Азамат Бекетке қолдау танытқаны үшін алғысын білдірді.

***

СПАРТАКИАДАЛАР


Ақтау және Ақтөбе әскери бөлімшелер базасында әскери қызметкерлер арасында спартакиада болды.

Кір тасы спорты қоссайысы бойынша өткен жарыста командалық есепте атыраулық 41433 әскери бөлімшесінің әскери қызметкерлеріне тең келер қарсылас табылмады. Ал, жеке есеп бойынша майор Айдос Жақанбаев, кіші сержант Асхат Ильяс және қатардағы Евгений Печерских екінші разрядтың нормативтерін орындады. Әскери қоянқолтық ұрыс бойынша өткен сайыс көрермен көзайымына айналды, онда да Атыраудың сарбаздары жеті жүлделі орынды иеленіп, көзге түсті. Бұдан басқа, сержант Айнагүл Құсмағамбетова шаңғы жарысында үздік болды. 

Дайындаған Мұрат Сұлтанғалиев




25 қаңтар 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.