Атырау, 24 сәуір 22:41
 ашықВ Атырау +13
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Ақтөбедегі төтенше оқиғадан кейін барлық рейстік автобустар тексеріледі

1 954 просмотра

Қазақстан территориясында барлық рейстік автобустар тексеріледі, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

18 қаңтар күні болған Ақтөбе облысындағы апатқа байланысты ҚР ИДМ Көлік комитетінің инспекция қызметкерлері мен ҚР ІІМ қызметкерлері бірлесіп бүкіл Қазақстан бойынша «Автобус» жедел-профилактикалық шарасын өткізеді. 22 қаңтар мен 18 ақпан аралығында өтетін жедел-профилактикалық шара аясында ауданаралық, қалааралық, облысаралық және халықаралық қатынаста жолаушыларды және багажды тасымалдайтын көліктер мен жүргізушілер тексерілетін болады.

Жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың және таксилердің техникалық ақауы болса және қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда, көлікті одан әрі пайдалануға тыйым салатын шаралар қабылданады.

Бұдан бөлек, жасырын маршруттарды анықтау үшін көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері мен қоғам өкілдерінен тұратын мобильдік топтар құру туралы шешім қабылданды.

Рейс алдында автомобильдің міндетті техникалық және жүргізушінің медициналық байқаудан өтуіне, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауларына баса назар аударылады.

Республикамыздың автомобиль жолдарындағы жолаушылар мен багаж тасымалдау мәселелері бойынша «Рубеж» қарау-бақылау бекеттерінде бақылауды күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылданады.

Естеріңізге сала кетсек, төтенше жағдай 18 қаңтарда Қалыбай ауылынан 10 км және облыс орталығынан 320 км қашықтықта Самара-Шымкент трассасында Астана уақытымен сағат 10.30-да болды. Өзбекстанның 57 азаматы отырған «Икарус» маркалы жолаушылар автобусы өртенді. Ақтөбе облысының ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, жанып жатқан автобустан 5 адам шығып үлгеріпті, 52 адам қайтыс болған.

Бұдан кейін Ақтөбеде өртенген автобустың видеосы шықты.

Сонымен қатар, автобустағы өрттен зардап шеккендердің аты-жөні белгілі болды, олар Ақтөбеге жеткізілді. Олардың арасында үш жүргізуші, Қазақстан азаматтары – 1985 жылы туған Мақсат Пернебек, 1968 жылы туған Нұржан Қырғызбаев, 1978 жылы туған Барат Таңатаров бар. Барлығы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Қалған екеуі Өзбекстан азаматы – 1988 жылы туған Ахрор Исаков және 1980 Исроилджан Мырзахметов.

Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстанда болған оқыс оқиға орнына дәрігерлер, СІМ және министрлік қызметкерлерін жіберу үшін ұшақ жіберетінін хабарлаған.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев баспасөз конференциясында Ақтөбе облысында болған автобус өртінің алдын ала себебін айтып берген болатын.

Дереккөз: Baq.kz

22 қаңтар 2018, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.